$ 501.02  597.27  6.59
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
27.01.2026, 12:06
Спорт

Министр Серік Сәпиев Қарағанды облысына шын мәнінде не үшін барғанын айтты

Туризм және спорт министрлігі тексерістің қорытындысын күтіп отыр

Министр Серік Сәпиев Қарағанды облысына шын мәнінде не үшін барғанын айтты
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Қарағанды облысында дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы, бокстан Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев пен орынбасары Дәурен Есімхановтың төбелесінен кейін тексеріс басталды. Бұл туралы туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Әкімдікте болған жағдайға байланысты тексерістер басталды. Мемлекеттік істер қызметі де өз бағасын береді. Қазір уәкілетті органдардың жауабын күтіп отырмыз», - деді Мырзабосынов Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.

Министрдің айтуынша, екі спортшы да мемлекеттік қызметке тағайындалмас бұрын барлық критерийден өткен.

«Серік Сәпиев депутат болған, министрліктің дене шынықтыру және спорт комитетін үш жылдай басқарды, Ұлттық олимпиада комитетінде қызмет атқарған азамат. Елімізде 16 олимпиада жеңімпазы болса, соның біреуі сол кісі және өз туған өлкесіне барып өз тәжірибесімен, өзінің өткен жолымен бөлісуге жіберілген болатын. Ал орынбасары бойынша айтарым, ол да арнайы критерийлер арқылы мемлекеттік қызметке өткен. Спортта да мансабы бар. Жалпы басқарма басшысын да, оның орынбасарын да жергілікті әкімдік тағайындайды», - деді Мырзабосынов.

Естеріңізге салайық, жақында әлеуметтік желіде Қарағанды облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев өзінің орынбасары Дәурен Есімхановпен төбелескені туралы ақпарат тараған. Кейін екеуінің арасындағы кикілжіңнің видеосы тарап кетті. Көп ұзамай Серік Сәпиев әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен төбелеске қатысты ресми мәлімдеме жасады.