$ 522.19  606.42  6.47
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
Бүгін, 16:32
Қоғам

Автокөлік пен көмір түтіні: Алматының ауасы қалай тазарады

Республиканың 19 елді мекенінде ауаның ластану деңгейі жоғары және өте жоғары деңгейде

Автокөлік пен көмір түтіні: Алматының ауасы қалай тазарады
Фото: istockphoto.com

Алматы қаласында экологиялық жағдайды жақсарту бағытында соңғы жылдары ауқымды жұмыс жүргізіліп келеді. Қала ауасын тазарту, жасыл аймақтарды көбейту және тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған жүйелі шаралар өз нәтижесін бере бастады. Жылу энергетикасын жаңғырту, қоғамдық көлікті экологияландыру, қалдықтарды басқару инфрақұрылымын жетілдіру және ауа сапасын цифрлық бақылау құралдарын кеңейту – мегаполистің тұрақты дамуына серпін беретін маңызды бастамалар. Осы жүйелі қадамдар арқылы қала экологиялық қауіпсіз және қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру жолында қарқынды ілгерілеп келеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ауасы ең лас өңірлер

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің ақпаратынша, елімізде өнеркәсіптік жүктеменің жоғары болуы, қалдықтарды басқару мәдениетінің әлі де қалыптаспауы және су тапшылығы сияқты факторлар экология саласындағы шараларды одан әрі күшейтуді талап етеді. Бұл салада нақты нәтижеге қол жеткізу үшін жүйелі инвестиция қажет, сондай-ақ мемлекеттік бақылауды күшейтіп, өңірлердің белсенді қатысуы маңызды.

Десек те қолға алынған оң өзгерістер де бар. Елде ең озық қолжетімді технологияларды енгізіліп, экологиялық мониторинг пен цифрлық бақылау жүйелері кеңеюде. Экологиялық порталдар мен онлайн қызметтер арқылы деректерге қолжетімділік артты. Сонымен қатар, қоғамдық бақылау мен экологиялық білім беру бағыттары дамып келеді, жасыл аймақтарды көбейту және орман қорын қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. Қазақстан халықаралық ұйымдармен де белсенді ынтымақтасып, климат пен су ресурстарын басқару бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асырып жатыр.

Қазір еліміз үшін ең өзекті экологиялық проблемалар:

  • Астана мен Алматы қалаларында, сондай-ақ өнеркәсібі дамыған өңірлерде ауаның ластануы;
  • су ресурстарының азаюы және трансшекаралық өзендер ағынының төмендеуі;
  • коммуналдық қалдықтардың көбеюі және оларды қайта өңдеу инфрақұрылымының жеткіліксіздігі;
  • құрғақшылық, топырақтың деградациясы және орташа температураның жоғарылауы.

Қазгидромет биылғы 9 айда жүргізген ауа сапасы мониторингінің нәтижелері бойынша 70 елді мекен зерттелген. Оның ішінде:

  • 23 елді мекен – ластану деңгейі төмен;
  • 28 елді мекен – орташа деңгейде ластанған;
  • 9 елді мекен – ластануы жоғары;
  • 10 елді мекен – ластануы өте жоғары.

Осылайша, жалпы 19 елді мекенде атмосфералық ауа жоғары және өте жоғары деңгейде ластанып отыр. Оларға Ақтөбе, Талғар, Атырау, Құлсары, Қарағанды, Петропавл, Сәтпаев, Алматы, Өскемен, Павлодар, Абай, Қостанай, Түркістан, Жезқазған, Балқаш, Астана қалалары, сондай-ақ Шұбаршы, Кеңкияқ және Жанбай ауылдары кіреді.

Алматының ауасын не ластап отыр

Ресми дерекке сүйенсек, Алматыда бір жыл ішінде ауаға шығарылатын жалпы ластаушы заттар көлемі – шамамен 189 мың тонна. Оның басым бөлігі — 112,7 мың тоннасы, яғни шамамен 60 пайызы автокөліктерден тарайды. Тағы 21,3 мың тоннасы – жер үйлер мен моншалардың үлесі. Қалған бөлігі өнеркәсіп пен басқа да көздерге тиесілі.

Қаланың ауасын негізінен осы автокөліктер ластап отыр. Алматыда шамамен 998,5 мың көлік бар, соның 400 мыңы күн сайын қалаға сырттан кіреді. Көліктердің басым бөлігі ескі – Евро-0, Евро-1, Евро-2 стандартына жатады. Қаладағы барлық автокөліктен тарайтын ластаушы заттың 83 пайызы дәл осы көліктерден шығады. Олар ауаға азот оксидтері, көміртек оксиді, күйе, формальдегид, РМ2.5 және РМ10 сияқты зиянды бөлшектерді таратады. Соның салдарынан қалада жиі тұман түсіп, ластану деңгейі жоғарылайды.

Көмір жағатын жеке сектор да экологиялық жағдайды қиындатып отыр. Алматыда 1074 үй әлі көмірмен жылытылады, ал қалған 149 985 үй газға көшкен. Көмірден бөлінетін ластаушы заттардың көлемі 710 тонна ғана болғанымен, қыс мезгілінде ауа инверсиясы кезінде бұл түтін төменгі ауа қабатында жиналып, ұзақ сақталады. Сонымен қатар, қала мен агломерациядағы 12 316 жеке монша мен ауылдардағы 8775 монша да көбіне көмір жағады. Бұл да ауаның қосымша ластануына әсер етіп отыр.

Алматыда ауаны ең көп ластайтын – автокөліктер. Қыс мезгілінде оған қосымша көмір жағатын жеке үйлер мен моншалардың түтіні қосылып, жағдай одан әрі нашарлайды. Осы екі фактор бірігіп, қаланың төменгі бөлігінде, әсіресе Алатау, Жетісу және Түрксіб аудандарында ауадағы зиянды заттардың мөлшерін рұқсат етілген деңгейден 5–10 есе, кей кезде тіпті 25 есе жоғары көтереді. Мұның бәрі тұрғындар арасында тыныс алу ауруларының көбеюіне әкеліп отыр, дейді ведомство.

Экологияны жақсарту жолдары

Алматының ауасын тазарту үшін бірқатар нақты шара қолға алынып жатыр. Алдымен, қала әкімдігі атмосфералық ауаны қорғау ережелерін жаңартып, жаңа құжатты 2025 жылы қоғамдық талқылаудан өткізіп, мемлекеттік органдармен келісті. Құжат Алматының ауа сапасын жақсартуға бағытталған.

Қаладағы ең үлкен проблема – экосанаты төмен көліктер. Ескі, ЕВРО-0 санатындағы машиналар автокөлік шығарындыларының 84%-ын береді. Сол себепті LEZ аймағында (жеке экологиялық аймақ) мұндай көліктердің қозғалысы ақылы болады. Төлем көліктің экосанатына қарай белгіленеді.

Сондай-ақ Алматыдағы екінші Жылу электр орталығы 2026 жылы толығымен газға көшіріледі деп жоспарланып отыр. Нәтижесінде зиянды шығарындылар 93%-ға азаяды: 37,3 мың тоннадан – 2,7 мың тоннаға дейін төмендейді.

Қалада газдандыру деңгейі қазір – 99,4%. Газға қосылмаған 907 үйдің (0,6%) ішінде әлеуметтік осал топтағы отбасылар тұратын 126 үйді осы жылдың соңына дейін газға қосу жоспарланып отыр. Қазір бірінші кезең аясында осы санаттағы 42 абоненттің үйлеріне газ тартылды, ал 2-3 кезеңдер бойынша тиісті құқық белгілейтін және жобалық құжаттаманы рәсімдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Ауаны бақылау үшін Алматыда 19 стационарлық экопост және 3 жылжымалы зертхана бар. Сонымен қатар, 2025 жылы бюджет және инвесторлар есебінен ауа сапасын нақты уақыт режимінде өлшейтін 200 автоматты датчик орнатылады (170-і орнатылды, қалғаны жыл соңына дейін орнатылады).

Көлік секторын экологияландыру бойынша да үлкен өзгерістер жасалуда.

— 2024 жылдан бастап дизельді автобустар сатып алуға тыйым салынды.

— 2025 жылдан бастап қызмет мерзімі 7 жылдан асқан автобустарға субсидия берілмейді.

— Қала  газбен жүретін 600 жаңа автобус және 100 мектеп автобусын сатып алуға келісімшарт жасады.

— Жеке тасымалдаушылар да 358 газды және 183 электр автобус алуды жоспарлап отыр. Қазір газбен жүретін 86 автобус және 60 электробус жолға шықты.

Бұл шаралардың барлығы Алматының ауа сапасын жақсартуға, көлік шығарындыларын азайтуға және тұрғындар үшін қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған.

Сонымен қатар, Алматыда жасыл аймақтарды көбейту үшін жолдардың бойына, өзен жағалауларына, саябақтар мен тұрғын аудандарға ағаштар мен бұталар отырғызылып жатыр. 2030 жылға дейін қала бойынша ірі көлемде көгалдандыру жоспары бар.

Суару жүйелерін кеңейту үшін автоматты суару желілері орнатылып, жаңа отырғызылған жасыл желектерді күтіп-баптауға ерекше көңіл бөлінуде.

Ауа сапасы қалай бақыланады

Алматыда ауа сапасы арнайы жүйе арқылы үнемі бақылауда. Қалада барлығы 16 мониторинг бекеті жұмыс істейді: олардың 12-сі автоматты, ал 4-еуі қолмен сынама алатын бекеттер. Автоматты станциялар Алатау, Түрксіб, Бостандық, Медеу, Жетісу және Әуезов аудандарында орналасқан.

Жиналған мәліметтер ай сайын, тоқсан сайын және жыл сайын талданып, Экология министрлігі мен «Қазгидромет» сайттарында арнайы бюллетень түрінде жарияланады. Егер ауадағы ластану деңгейі күрт өссе, ақпарат жедел түрде мемлекеттік органдарға жіберіліп, қажетті шаралар қабылданады.

Экологиялық кодекске сәйкес, ауа сапасына қатысты барлық дерек ашық және көпшілікке қолжетімді. Тұрғындар AirKZ мобильді қосымшасы арқылы ауа сапасын әр сағат сайын бақылап отыра алады. Сонымен қатар, «Қазгидромет» сайтында ауа, су, топырақ және радиациялық жағдай бойынша интерактивті карталар бар.

Қалада қолайсыз метеорологиялық жағдай күтілсе, «Қазгидромет» бұл туралы алдын ала болжам жасап, сайтта жариялайды.

Серіктес жаңалықтары