«Суға батып барады, көмектесіңіздер»: Астанада полицейге пранк жасаған блогерлер қамауға алынды (ВИДЕО)
Полиция мұндай әрекеттерге жол берілмейтінін және бұл қоғамдық тәртіпті бұзу ретінде қарастырылатынын ескертеді
Астанада блогер полиция қызметкеріне пранк жасаймын деп темір тордың арғы жағынан бір-ақ шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Белгілі болғандай, суға батып бара жатқан жас жігіт полиция қызметкерін көмекке шақырады. Тәртіп сақшысы бірге суға секіріп, жас жігітті жағаға шығарғанда бұл істің әзіл ретінде жасалғанын білді.
«Әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында Ақбұлақ арнасы аумағында болған оқиғаның видеожазбасы анықталды. Ер адам суға батып бара жатқандай кейіп танытып, құқық қорғау органының қызметкерін тексермек болған. Жұмысына бара жатқан мамандандырылған күзет қызметінің маманы бұл жағдайға дереу әрекет етіп, су айдынына секірген. Алайда, белгілі болғандай, бұл көрініс тек инсценировка (қойылым) болғандықтан, ешқандай көмек қажет болмаған», – дейді қалалық Полиция департаменті.
Полиция мұндай әрекеттерге жол берілмейтінін және бұл қоғамдық тәртіпті бұзу ретінде қарастырылатынын ескертеді.
«Қойылымның» авторы мен қатысушысы ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен оларға 15 және 10 тәулік мерзімге қамауға алу жазасы тағайындалды. Полиция қоғамдық тәртіпті және су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажеттігін еске салады. Азаматтарды шұғыл қызметтердің жұмысына жауапкершілікпен қарауға және өздерін қауіп-қатерге тікпеуге шақырады», – дейді тәртіп сақшылары.