Қазақстанға білікті мамандар тарту үшін қатарынан бірнеше жоба іске қосылатын болды

Жаңа бастамалар елдің инвестициялық тартымдылығын арттырып, білікті мамандар тартуға мүмкіндік береді

Қазақстанға білікті мамандар тарту үшін қатарынан бірнеше жоба іске қосылатын болды

Жаһандық деңгейде білікті мамандар мен инвестиция тарту бәсекесі күшейіп келеді. Осыған байланысты Астанада Мемлекет басшысының көші-қон саясатын жетілдіруге арналған Жарлығын түсіндіру бойынша дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ алаңында өткен жиында шетелдік инвесторлар, кәсіпкерлер мен жоғары білікті мамандарға қолайлы жағдай жасау мәселесі талқыланды. Басқосуға мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, сарапшылық және ғылыми қауымдастықтың өкілдері қатысты.

Кездесуде еліміздегі  көші-қон саясатын жаңғырту, адам капиталын дамыту, білікті мамандар тарту және мемлекеттік қызметтерді цифрландыру мәселелері сөз болды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев жаңа бастамалар инвесторлар мен жоғары білікті мамандар үшін қолайлы орта қалыптастыруға бағытталғанын айтты. Оның сөзінше, бұл көші-қон рәсімдерін жеңілдетіп, әкімшілік кедергілерді азайтуға мүмкіндік береді.

«Жаңа тетік инвесторлар мен білікті кадрлар үшін қолайлы әрі түсінікті орта қалыптастыруға, әкімшілік рәсімдерді жеңілдетуге және бюрократиялық кедергілерді азайтуға бағытталған», – деді Ербол Тұяқбаев.

Жиында ұсынылған негізгі бастамалардың бірі – «Алтын виза» жобасы болды. Бұл тетік сұранысқа ие шетелдік мамандарға, инвесторлар мен кәсіпкерлерге Қазақстанда ұзақ уақыт тұрып, жұмыс істеуге мүмкіндік беруді көздейтіні айтылды. Сонымен қатар мемлекеттік және қаржылық қызметтерге қолжетімділікті жеңілдетудің қарастырылғаны да сөз етілді.

Осыған орай,  «QazETA» цифрлық платформасы мен «e-Residency» жүйесін іске қосу жоспарланып отыр. Жоба шетел азаматтарына мемлекеттік қызметтерді «бір терезе» қағидатымен алуға және өтініштерді онлайн жолдауға мүмкіндік береді.

Жиын барысында ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ-дің Экономикалық саясатты талдау бөлімінің басшысы Анна Альшанская бүгінде көші-қонға деген көзқарас өзгергенін айтты. Оның пікірінше, бұл бағыт енді еңбек нарығына қауіп ретінде емес, экономиканы жаңа технология мен білім арқылы күшейтетін құрал ретінде қарастырылады.

«Бүгінде көші-қон еңбек нарығына қауіп ретінде емес, экономиканы жаңа құзыреттермен толықтыратын құрал ретінде қарастырылып отыр. Қазақстан таланттар үшін бәсекеде «квоталардан – таланттарға» қағидатына көшуі керек», – деді Анна Альшанская.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті доценті Нұрлан Байғабылов болса адам капиталы елдің ұзақ мерзімді дамуы үшін маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, білімді әрі білікті мамандарды тарту Қазақстанның жаһандық бәсекедегі орнын нығайтпақ.

«Адами капитал – елдің ұзақ мерзімді дамуының негізгі тірегі. Білімді әрі білікті мамандарды тарту Қазақстанның жаһандық бәсекедегі орнын күшейтеді», – деді Нұрлан Байғабылов.

Сарапшылардың пікірінше, әлемде халықтың қартаюы мен кадр тапшылығы күшейген кезеңде Қазақстан білікті мамандар мен технологиялық кәсіпкерлер тартатын өңірлік орталыққа айнала алады. Себебі қазір елімізде STEM-мамандарға, IT-сарапшыларға, инженерлер мен цифрлық технология саласындағы кадрларға сұраныс жоғары екені айтылды.

Халықаралық ұйым өкілдері де Қазақстанның көші-қон саясатын жаңғыртуға бағытталған бастамаларына оң баға берді. Олардың айтуынша, ашық әрі икемді жүйе қалыптастыру елдің инвестициялық тартымдылығын арттырып, халықаралық таланттар мен капитал тартуға жол ашады.

Жиын соңында қатысушылар көші-қон саясатын заман талабына бейімдеу, мемлекеттік қызметтерді толық цифрландыру және таланттар тарту жұмысын жалғастыру қажет екенін айтты. Сарапшылар мұндай бастамалар Қазақстанның ұзақ мерзімді экономикалық өсіміне серпін береді деген пікір білдірді.