«Семей орманы» мемлекеттік резерватын танымдық туризм ретінде дамытуға болады – Берік Уәли
Өңірде туризмді үйлестіретін басқарма құрылды
Абай облысында туризмді дамытуға бағытталған ауқымды жобалар іске асырылуда. Әкім Берік Уәли өңірде туризм саласын инвестициялық әлеуеті жоғары бағыт екенін атап өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев туризмді дамытуға ерекше мән берді. Осы мақсатта өңірде туризмді үйлестіретін басқарма құрылды. Біз туристік маршруттар бойынша жол инфрақұрылымын жетілдіру және жол бойындағы сервисті дамыту бойынша шараларды қолға алып жатырмыз», – деді әкім.
Оның айтуынша, облыстың тарихи-мәдени мұрасы туризмді әртараптандыруға мүмкіндік береді. Семей қаласында «Жидебай-Бөрілі» Абай музейі, «Алаш Арыстары» музей үйі, Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері музейі, Ф.М. Достоевский атындағы әдеби-мемориалдық музей үйі мен Абай мемлекеттік тарихи-мәдени музейі ерекше назар аударуды қажет етеді. Сондай-ақ, Республикалық деңгейдегі туризм картасына Алакөл көлі енгізілді.
Облыста туристік объектілер көп. Олардың ішінде, Бесқарағай ауданының Шипалы көлі, Аягөз өзенінің жағалауындағы «Қозы-Көрпеш және Баян-Сұлу» мазары, Шүлбі су қоймасы жағалауы, Абай ауданындағы Қоңыр әулие үңгірі мен Ақсуат ауданындағы ХIХ ғасырлық Ырғызбай ата кесенесі бар. «Семей – Қарауыл» тас жолында «Еңлік-Кебек» кесенесі және «Семей орманы» мемлекеттік резерватын да танымдық туризм ретінде дамытуға болады.
«Республикалық және халықаралық деңгейдегі іскерлік, мәдени, спорттық іс-шараларды өткізу қонақүй қызметіне сұранысты арттырады, бұл заманауи элиталық қонақүй кешендерінің құрылысын ынталандырады. Президенттің тапсырмасына сәйкес туристік инфрақұрылымды дамыту бойынша ауқымды жобалар жалғасып жатыр. Алакөл жағалауы айтарлықтай туристік және инвестициялық әлеуетке ие», – деді Берік Уәли.