$ 523.58  605.36  6.45
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Түрмеде жазасын өтеп жатқандарға мемлекет тарапынан қанша шығын жұмсалады

Сотталушының бір күні 2900 теңгеге тең

Түрмеде жазасын өтеп жатқандарға мемлекет тарапынан қанша шығын жұмсалады
Фотоколлаж: Әбілқасым Есентаев/Azattyq Ruhy

Соңғы жылдары қылмыстық-атқару жүйесінде тыйым салынған заттарды, соның ішінде ұялы телефондар мен өзге де электронды құрылғыларды түрмеге жасырын түрде жеткізу фактілері жиілеп отыр. Көп жағдайда мұндай әрекеттер сәлемдемелердің немесе азық-түлік пакеттерінің ішіне жасырылған күйде жүзеге асырылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Осындай жайттарды мысалға алсақ, Павлодарда палаудың ішіне жасырылған телефонды өткізбек болған адам жауапқа тартылған. Ал Астанада айыпталушының анасы мобильді телефонды жасырын өткізбек болған. Сол сияқты биыл 58 литр алкоголь мен 10 келіден астам есірткі тәркіленіп, 346 ұялы телефонды өткізу әрекеті тоқтатылған.

Осы жағдайларды ескере келе, редакция ішкі істер министрлігіне ресми сауал жолдаған еді. Ең қызығы түрмеде отырғандарға сәлемдемені 20 келіге дейін апаруға болады. Ал бір сотталушыны асырау үшін тәулігіне 2900 теңге жұмсалады екен.

«Сотталғандар сәлемдемелер мен бандерольдердi мекемеге келген кезден бастап ала алады. Сәлемдемелерді сондай-ақ кездесу ұсынған кезде алады. Ұзақ кездесулер кезінде алынатын сәлемдемелер жазаны өтеу шарттарына сәйкес тиісті сәлемдемелер санына енгізілмейді», - дейді ішкі істер ведомствосы.

Мекемеге келген сотталғандардың туысқандарына немесе өзге адамдарға мекеме әкiмшiлiгі сәлемдеме беруден бөлек, мекеме жанындағы дүкендер және электрондық сауда алаңы арқылы да тамақ өнімдерін және бiрiншi кезекте қажетті заттарды сатып алу мүмкiндiгi де бар екен.

Мұндай жағдайда аталған адамдар сотталғандарға беру үшiн тамақ өнімдерінің және бiрiншi кезекте қажетті заттардың саны, салмағы көрсетілген екi данадағы өтiнiм бередi және олардың құнын төлейдi.

Бір сауқат пен сәлемдеменің ең жоғарғы салмағы 20 килограмнан аспайды.

Кездесулер тәртібі:

ҚАК-тің 106-бабына сәйкес сотталғандарға мекеме аумағында:

      1) ұзақтығы екі сағат қысқа мерзімді;

      2) ұзақтығы – екі тәулік, ал дәрежесі үшінші оң мінез-құлықты сотталғандарға ұзақтығы үш тәулік ұзақ мерзімді кездесулер беріледі.

«Кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған орташа қауіпсіз мекемелерде мекемеден тыс жерде тұрумен ұзақтығы бес тәулiкке дейін ұзақ мерзімді кездесулер бар. Сотталған адамның немесе кездесуге келген адамның жазбаша өтініш жасауы бойынша кездесу ұзақтығы қысқартылуы мүмкін. Жұбайымен, туыстарымен немесе өзге де адамдармен қысқа мерзiмдi кездесулер сәлемдеме алу құқығымен, мекеме әкiмшiлiгi өкiлiнiң қатысуымен берiледi», - делінген сауалдың жауабында.

Ал сотталғандарды тамақтандыруға келсек, ол «Еңбек» филиалдарының құзырына берілген.

«Бір сотталғанды ұстауға арналған тәуліктік шығын 2900 теңгені құрайды. Бұл шығындардың құрамына тамақтану, киім-кешек, төсек-орын заттары, гигиеналық құралдар, жуғыш-тазалағыш заттар, коммуналдық қызметтер, сотталғандарды ауыстыру және босатылатындардың жол жүру шығындары кіреді. Осы шығындардан арнайы контингентті ұстауға қарастырылған жалпы шығын сомасы қалыптасады», - деп жауап берді олар.

Аталған шығын түзету режимі, сотталғандардың жыныс ерекшелігіне қарамастан барлық қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелері үшін бірдей.

Түрмедегілердің жағдайы мен ел ауруханаларындағы ахуалды салыстыру үшін Денсаулық сақтау министрлігіне де сауал жолдаған болатынбыз. Негізгі мақсат науқастың бір күніне жұмсалатын шығынды білу. Алайда ведомство бұл сұраққа нақты жауап бермеген.

«Тамақтануға жұмсалатын шығындардың мөлшері «Республиканың мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында тамақтанудың заттай нормаларын және жұмсақ мүкәммалмен жабдықтаудың ең төменгі нормаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы үкіметінің 2002 жылғы 26 қаңтардағы № 128 қаулысына сәйкес шығыс нормалары негізінде жүргізіледі», - дейді олар.

Денсаулық сақтау субъектілері көрсеткен көмегі үшін ақы төлеу кезінде, медициналық қызметтерге тарифтерді қалыптастыру барысында белгіленген нормаларға сәйкес пациенттердің тамақтануына байланысты шығындар ескеріледі.

Серіктес жаңалықтары