Цифрлық кодексті асығыс қабылдай салуға болмайды – президент
Озық технологиялардың сын-қатері де аз емес дейді мемлекет басшысы

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектіні пайдалану үшін тиісті заңнамалық негіз қалыптастыру аса өзекті міндет екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, ұлттық компаниялар, отандық кәсіпорындар инновациялық жобаларды белсенді түрде қолдануы керек, өйткені озық технология дәуірінде түбегейлі өзгеріске дайын болу өте маңызды. Онсыз даму болмайтыны анық. Алайда озық технологияларды қолдану, бір жағынан, пайдалы және тиімді болғанымен, екінші жағынан, сын-қатері де аз емес.
«Сондықтан Жасанды интеллектіні пайдалану үшін тиісті заңнамалық негіз қалыптастыру – аса өзекті міндет. Бұл бағытта біраз жұмыс істелді, әлі де істеліп жатыр. Осы саладағы негізгі құжат – Цифрлық кодексті жедел қабылдау үшін нақты шаралар жасалуда. Кодексте экономика, білім беру, денсаулық сақтау және мемлекеттік басқару салаларын жаппай цифрландыру жүйесі айқындалады. Жалпы, Цифрлық Кодексті асығыс қабылдай салуға болмайды, бұл – шын мәнінде жауапты, күрделі жұмыс. Сол себепті Парламентте сарапшылардың, құзырлы мекеме өкілдерінің қатысуымен жасанды интеллектіні дамыту мәселесі бойынша арнайы тыңдаулар өткізілді», - деді президент Астанада басталған Digital Bridge 2025 халықаралық технологиялық форумының пленарлық отырысында.
Тоқаев бір апта бұрын Мәжіліс «Жасанды интеллект туралы» заңды екінші оқылымда қабылдағанын атап өтті.
«Расында, бұл уақтылы қабылданған заң болды. Шетел мамандары да мұны еліміздің тұрақты цифрлық экожүйесін құру жолындағы маңызды қадам деп бағалап, жақсы пікір айтуда», - дейді ол.
Айта кетері, форумға Қазақстанға ресми сапармен келген Мажарстан Президенті Тамаш Шуйок, Telegram негізін қалаушы және бас атқарушы директоры Павел Дуров, Sinovation Ventures және 01ai бас директоры Ли Кай Фу, Стэнфорд университетінің ғылыми қызметкері, Google сарапшысы Питер Норвиг, G42 International компаниясының бас директоры Мансур Ибрагим Әл Мансури, Стэнфорд университетінің профессоры Илья Стербулаев және high-tech индустриясының басқа да өкілдері қатысып жатыр.