Жасанды интеллект игі мақсатқа қызмет етуі керек – Тоқаев
Қазақстан екінші суперкомпьютерді іске қосуды жоспарлап отыр

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада басталған Digital Bridge 2025 халықаралық технологиялық форумының пленарлық отырысында сөз сөйледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Біз алдымызға нақты мақсат қойдық. Қазақстан үш жыл ішінде нағыз цифрлық ел болуы кепрек. Бұл өте ауқымды міндет. Сондықтан біз қазір еліміздің біртұтас цифрлық экожүйесін құру ісімен айналысып жатырмыз. Кеше Астанада жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің бірінші отырысы өтті. Жиында білім беру мәселелері қаралды. Әлемге танылмал сарапшылармен бірге адам капиталын дамыту мәселесі талқыланды. Нақты міндеттер айқындалды. Ең бастысы жасанды интеллект саласындағы тұңғыш зерттеу университетін құру туралы өте маңызды шешім қабылданды. Сондай-ақ бүгін Alem.ai жасанды интеллект орталығы өз жұмысын бастайды. Бұл орталықты инновациялар мен тың идеялардың мекені деуге болады», - деді Тоқаев.
Президент Қазақстан жасанды интеллект саласындағы кез келген ынтымақтастыққа ашық екенін атап өтті.
«Сондай-ақ біз елімізде екінші суперкомпьютер кластерін іске қосуды жоспарлап отырмыз. Жасанды интеллект тек игі мақсатқа қызмет етуі керек. Адам игілігі басты орында тұрады. Alem.ai жасанды интеллектіні барыншы тиімді әрі этикалық нормаларға сай қолданатын жаҺандық орталық болуға тиіс. Жасанды интеллект технологиясын жауапкершілікпен қолдану өте маңызды. Сондықтан жаңа университет және Alem.ai орталығы біртұтас экожүйенің негізгі өзегі ретінде қызмет етуі керек»,- деп атап өтті Тоқаев.
Жиынға Қазақстанға ресми сапармен келген Мажарстан Президенті Тамаш Шуйок қатысып отыр.
Спикерлердің қатарында Telegram негізін қалаушы және бас атқарушы директоры Павел Дуров, Sinovation Ventures және 01ai бас директоры Ли Кай Фу, Стэнфорд университетінің ғылыми қызметкері, Google сарапшысы Питер Норвиг, G42 International компаниясының бас директоры Мансур Ибрагим Әл Мансури, Стэнфорд университетінің профессоры Илья Стербулаев және high-tech индустриясының басқа да өкілдері бар.