Қазақстанда су саласындағы мамандық таңдаған жастардың саны бірден 71% дейін көбейген
Биыл бұл бағытқа 900-ге жуық түлек оқуға түскен

2025-2026 оқу жылында су саласы бойынша мамандықтарға мемлекеттік грант иеленген студенттер саны айтарлықтай өсті. Биыл гидрогеология, гидрология және басқа да бағыттарда барлығы 894 студент грантқа түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметіне сүйенсек, осы студенттердің ішінде 818-і бакалавриат, 44-і магистратура, ал 32-сі докторантурада білім алады.
Сонымен қатар, биыл су саласына ақылы негізде оқуға түскендер де бар: олардың саны 183 студент (128 – бакалавриат, 52 – магистратура, 3 – докторантура).
«2025 жылдың қыркүйегіндегі жағдай бойынша еліміздің жоғары оқу орындарында су саласы бағытында барлығы 2 101 студент білім алып жатыр. Ал жұмысшы кадрларды даярлаумен айналысатын 8 колледжде 630 студент бар», - деп хабарлайды министрлік.
Саладағы кадрлық әлеуетті арттыру үшін жоғары оқу орындарының саны да көбейді.
«2023 жылмен салыстырғанда су саласы мамандарын даярлайтын жоғары оқу орындарының саны 9-дан 13-ке дейін өсті. Олардың әрқайсысымен Су ресурстары және ирригация министрлігі ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды. Бұл келісімдер студенттердің министрлікке қарасты су шаруашылығы кәсіпорындарында тәжірибеден өтуіне мүмкіндік береді. Соның арқасында биыл өндірістік тәжірибеден өткен студенттердің саны 5 есеге артты», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.