Шымкентте пневмониямен ауырған науқастар саны 7,2 пайызға өсті
Сонымен қатар қалада ЖРВИ да өршіп тұр
Шымкент қаласында тек қана коронавирус емес, ЖРВИ (жедел респираторлы вирустық инфекция) мен пневмония өршіп тұр. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Ербол Садыр мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Қазір Шымкент қаласында тек қана коронавирус емес, ЖРВИ (жедел респираторлы вирустық инфекция) мен пневмония өршіп тұр. Коронавирус жұқтырғандар саны 2300-ге жетті. Оның ішінде кешегі күні 116 адам тіркелді. Сол себепті науқастар санының күрт өсуіне байланысты жедел жәрдем қызметін күшейтуге күш салдық. Дәл қазір 100 бригада толықтай жұмыс істеп жатыр. Одан бөлек, диспетчерлік қызметті ұлғайттық. Соңғы талдаулар бойынша 1 маусымда бір тәуліктің ішінде 1091 шақырту болса, 10 маусымда 1200-ден асқан, ал кешегі күні шақырту 1850-ге жеткен. Бұл медициналық шақыртулардың басым бөлігі - ЖРВИ және пневмониямен ауырған науқастар. Дәл кеше 129 науқас қабылданған», - деді Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Ербол Садыр.
Оның айтуынша, осы жағдайға байланысты алдын ала карантиндік және провизорлық стационарлар күшейтілген.
«Бұл ретте карантиндік стационар болған екі нысанды 380 төсек-орынмен провизорлық стационар қылып қостық. Бұл провизорлық стационарларда емдеу шаралары кезінде үш топқа бөліп, арнайы алгоритм жасадық. Ал кері байланыстағы қауіпті топтағы азаматтарға күнделікті телефонмен хабарласып отырмыз. Айта кетейік, бұл стационарлар коронавирустың жеңіл түрімен ауырған азаматтарды емдеуге арналған», - деді Ербол Садыр.
Оның айтуынша, Шымкентте пневмониямен ауырған науқастар саны 7,2 пайызға өскен.
«Қазіргі таңда ауруды өткізіп алған науқастардың өлім көрсеткіші өсіп жатыр. Кеше ауыр жағдайда келген 8 науқас көз жұмды. Мұның көпшілігі - бұрыннан созылмалы аурулары бар азаматтар. Осыған байланысты провизорлық стоционарлар күшейтіліп, бәрінде дәрі-дәрмектің барлығы толық жеткілікті. Бұл жағдайды бақылауда ұстап, жақсарту мақсатында жергілікті бюджеттен 25 ИВЛ (өкпенің жасанды желдету аппараты) аппарат алдық. Бүгінде 301 ИВЛ аппараты бар. Одан бөлек, жатақханаларға демеушілердің көмегімен 6 ИВЛ аппараты қойылды. Бұл ретте демеушілердің тағы бір көмегімен 100 мың бетперде және кислородпен демалатын 100 Боброва аппараты келе жатыр», - деді Ербол Садыр.