Футболшылар Павлодар тас жолында қаза тапқан спортшы қызды бір минут үнсіздікпен еске алды (ВИДЕО)
Виктория Кайсаринова «Жеңіс» әйелдер клубында ойнаған еді

«Тобыл» – «Ордабасы» арасындағы ойын бір минут үнсіздікпен басталды. Олар өмірден жас кеткен спортшы Виктория Кайсаринованы еске алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қазақстан премьер-лигасының ресми парақшасы ойын басталар алдындағы осы сәттің видеосын жүктеп, Викторияның жақындарына көңіл айтты.
«Жеңіс» әйелдер клубының ойыншысы Виктория Кайсаринова жол апатынан қаза тапты. ҚФФ Викторияның ата-анасына, туған-туыстарына, жақындарына және командасына шын жүректен көңіл айтады», - деп жазылған ақпаратта.
Естеріңізге сала кетейік, бірнеше күн бұрын Павлодар-Қызылорда тас жолында бес адам тірідей жанып кеткен еді. Байет ауылына бес шақырым жетпей Toyota Lucida маркалы жеңіл көлік жүк көлігіне соғылып, өртеніп кеткен. Жеңіл көлік ішіндегі төрт жолаушы мен бір жүргізуші мерт болды.
Виктория 19 жаста еді. Ол қорғаушы ретінде ойнады және осы маусымда 17 матч өткізді, оның 14-інде негізгі құрамда болды.