«Өмір бойғы ақшасы»: Павлодардың қарттар үйіндегі қария қажылыққа жинаған 3,6 млн теңгесін 30 анаға бөліп берді
Сырқат баласы бар аналардың әрқайсысына 120 мың теңгеден тиген

Павлодарда 13 жылдан бері қарттар үйінде тұратын 94 жастағы Сағадат Жұмабаев қажылыққа бару үшін өмір бойы ақша жинаған екен. Алайда, соңғы сәтте сырқат бала тәрбиелеп отырған аналарға мейірім танытып, ақшасын 30 әйелге бөліп берген, деп жазады Azattyq Rýhy.
Биыл шілде айында қолындағы 3,6 млн теңгесін 30 анаға тең бөлген кезде әйелдердің әрқайсысына 120 мың теңгеден келген. «Қажылыққа барсам» деген арманының орнына сырқат баласы бар аналарға көмек берген қарияның бұл ізгі әрекеті көптің жүрегін елжіретіп, көзіне жас алдырды.
Қарияның қайырымды әрекеті туралы естіген Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы демеушілердің көмегімен қасиетті қажылық сапарына жолдама сыйлаған екен.
«Ұмра сапарына аттанар алдында Сағадат Жұмабаев Бас мүфтиге ақ батасын беріп, шынайы ризашылығын білдірді. Бас мүфти дәстүр жолымен ақсақалдың иығына шапан жапты. 94 жастағы қарияның қасиетті сапары оңынан болғай», - деп хабарлайды Мүфтияттың баспасөз қызметі.