Енді қазақстандықтар зейнетақы қорындағы ақшасына ешқашан тіс емдете алмауы мүмкін
Денсаулық сақтау министрлігі жаңа бұйрық әзірледі

Денсаулық сақтау министрлігі қазақстандықтарға зейнетақы қорындағы «артық» ақшасына тіс емдетуге мүлде тыйым салуды ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Бұйрықтың жобасы Ашық-нормативтік құжаттар порталында жарияланған.
«Емделу үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 15 ақпандағы № ҚР ДСМ-18 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы» құжат 30 қыркүйекке дейін талқыланады.
«Бұйрық жобасында зейнетақы жинақтарын мақсатсыз пайдалану жағдайларын аңықтауға байланысты стоматологиялық қызметтерге (тістерді протездеу, имплантациялау) біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану жөніндегі норманы алып тастау көзделеді», - деп жазылған бұйрық мәтінінде.
Қорыта айтсақ, Денсаулық сақтау министрлігі бір жолғы зейнетақы төлемдері есебінен төленетін медициналық қызметтерді қайта қарамақшы.
Естеріңізге сала кетейік, қазір Атырауда жалған стоматологиялық қызметтер арқылы азаматтардың зейнетақы қорындағы 200 млрд теңге ақшасын шешіп берген бес қылмыстық топ тергеліп жатыр. Қаржы мониторинг агенттігі бұл істе 10 адамға қатысты бұлтартпау шарасы қолданылғанын хабарлады. Дегенмен, тергеуде елу адам және 200-ден астам дроппердің ісі де бар екені хабарланған. Ал, тіс емдету үшін зейнетақы қорындағы артық ақшасын алған азаматтар қылмыстық іске тартылмайтын болды.