$ 538.89  629.53  6.34
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«АMANAT» жанындағы аграрлық кеңес отандық өнімді қолдау жолдарын талқылады

Қатысушылар Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін дамыту үшін бірқатар нақты шараларды ұсынды

«АMANAT» жанындағы аграрлық кеңес отандық өнімді қолдау жолдарын талқылады
Фото: «AMANAT» партиясының баспасөз қызметі

«АMANAT» партиясы жанындағы Республикалық аграрлық кеңестің кеңейтілген отырысында Қазақстандағы аграрлық сектордың түйткілді мәселелері талқыланды. Жиынға аграрлық кеңестің төрағасы, Мәжіліс депутаты Нұржан Әшімбетов, Сауда және интеграция министрлігінің өкілдері, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен салалық қауымдастықтардың басшылары қатысты, деп жазады Azattyq Rýhy.

Аграрлық сектор – ұлттық экономиканың өзегін құрайтын стратегиялық сала. Халықтың азық-түлік қауіпсіздігі, бағаның тұрақтылығы және ауылдағы әлеуметтік жағдайдың бәрі де осы саланың даму қарқынына байланысты. Алайда соңғы жылдары ішкі нарықта шетелдік өнімдердің үлесі артып, жергілікті тауар өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігі әлсіреп отыр. Осы жағдайды түзету және саладағы жүйелі проблемаларды шешу – жиынның негізгі мақсаты болды.

«Азық-түлік қауіпсіздігі – ұлттық қауіпсіздік»

Жиынды ашқан Нұржан Әшімбетов отандық өндірушілердің жағдайы алаңдатып отырғанын айтты.

«Біздің шаруалар өнімін өткізуде қиындыққа тап болып отыр. Себебі көрші елдерден келіп жатқан өнімдердің бағасы төмен, олар мемлекет тарапынан субсидияланған. Нәтижесінде, өзіміздің кәсіпорындар толық қуатта жұмыс істей алмайды, ал кейбірі тіпті жабылып қалу қаупінде тұр. Мұны елдің экономикалық жағдайынан бөлек, азық-түлік қауіпсіздігіне төнген қатер деп бағалауға болады», – деді депутат.

Ол мәселенің кешенді түрде шешілуі керектігін баса айтты.

«Қысқа мерзімді шаралар уақытша нәтиже береді, бірақ түпкілікті мәселені шешпейді. Біз шаруалардың сеніміне ие болуымыз керек. Егер мемлекет нақты кепілдік берсе, кәсіпкерлер жаңа технология сатып алады, мал басын көбейтеді, зауыттар салады. Бұл ауылда жаңа жұмыс орындарын ашып, халықтың табысын арттырады», – деді Әшімбетов.

«Толық цифрландырусыз проблеманы шешу мүмкін емес»

Сауда және интеграция министрінің бірінші орынбасары Айжан Бижанова цифрландыру мәселесіне ерекше тоқталды.

«Қазір шекарадан өткен өнім туралы деректер бірнеше күннен кейін ғана қолымызға тиеді. Бұл дегеніміз – өнім сөреге қойылып үлгерген соң барып, біз оның қайдан келгенін анықтап отырмыз. Мұндай жағдайда сапасыз немесе стандартқа сай емес тауарды дер кезінде тоқтату мүмкін емес. Сондықтан біз үшін басты мәселе деректер базасын біріктіру болып отыр», – деді ол.

Оның айтуынша, бизнесті жеңілдетудің бірі жолы болып отыр.

«Қағазбастылық көп, қолмен есептеу көп. Бұл кәсіпкерлердің уақытын да, қаражатын да жейді. Егер біз интеграцияланған цифрлық жүйе құрсақ, кәсіпкерлерге ыңғайлы болады, бақылау ашық жүреді, тұтынушы сенімі артады», – деді Бижанова.

Азық-түлік өнеркәсібі салалық одақтары альянсының хатшысы Андрей Кукушкин кәсіпорындардың шынайы жағдайына тоқталды.

«Бүгінде біздің кәсіпорындардың өндірістік қуаты толық пайдаланылмай отыр, шамамен 40 пайызы бос тұр. Зауыттар мен фабрикалар өз мүмкіндігінің тек жартысына жуығын ғана іске қосып, қалғанын бос қалдыруда. Соның салдарынан миллиардтаған теңге жоғалтып, шығынға батып отыр. Ал импорт нарығымызда үстемдік құрып тұр. Сауда желілері шетелден арзан өнім сатып алады да, жергілікті тауар өндірушілер екінші орынға ысырылады. Егер мемлекет нақты ынталандыру тетіктерін қоспаса, біз өз өндірісімізден айырылып қалуымыз мүмкін», – деді ол.

Ол сонымен бірге статистикалық деректерді жинаудың әлсіздігін сынға алды.

«Қазір отандық өнім үлесі көзбен санау арқылы есептеледі. Бұл – ғылыми дәлдік емес. Бізге тәуелсіз зерттеу агенттіктері керек, сонда ғана нақты бейне шығады», – деді Кукушкин.

«Қазақстан ет одағы» төрағасы Мақсұт Бақтыбаев мәселені бейтарап алаңда талқылау қажет дейді.

 «Біз талқылап отырған мәселе бір күнде пайда болған жоқ, бірнеше жыл бойы қордаланды. Сондықтан шешімді де салмақты түрде қабылдауымыз қажет. Мұны тек министрліктің қабырғасында шешу жеткіліксіз. Бізге бейтарап алаң керек – онда бизнес те, мемлекеттік органдар да, сарапшылар да, қоғам өкілдері де тең дәрежеде пікір білдіре алады. Әйтпесе тағы да асығыс бағдарлама жасап, екі аптадан кейін есеп береміз де, нәтижесіз қалады», – деді ол.

Бақтыбаев бұл салаға ұзақ мерзімді жоспар қажет екенін баса айтты.

«Біздің бизнес 10–15 жылға жоспар құрады. Бір ғана бордақылау алаңын салу үшін миллиардтаған инвестиция қажет. Инвесторға сенімділік керек – субсидия бола ма, нарық қорғала ма, тариф өзгермей ме – соны білуі тиіс. Сонда ғана олар қаржы салады», – деді ол.

Сонымен қатар ол көрші елдердегі сауда нүктелері арқылы келетін импорттық өнімнің де әсерін атап өтті.

«Соңғы жылдары Ресейде, Өзбекстанда сауда нүктелері көбейіп, солар арқылы біздің нарыққа өнім көптеп келіп жатыр. Бұл да біздің өндірушілерді қыспаққа алады. Сауда объектілерін бақылауды күшейту қажет», – деді Бақтыбаев.

«Бағаны уақытша ұстап тұру тиімсіз»

Жұмыртқа өндірушілер қауымдастығының төрағасы Ұлан Тәжібаев қысқа мерзімді шешімдердің жеткіліксіз екенін айтты.

«Соңғы үш жылда жазда импортқа тыйым салып, қыста рұқсат беру тәжірибесін қолдандық. Бұл нарықтағы бағаның күрт өсуін тежеді. Бірақ бұл – уақытша шешім. Егер субсидиялар тоқтаса, өндіріс төмендеп, баға тағы қымбаттайды. Бізге ұзақ мерзімді құралдар қажет: жем-шөпке жеңілдетілген несие, ветеринарияға субсидия, жаңа технологияларды қолдау секілді шаралар керек », – деді ол.

Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Ветеринариялық бақылау комитетінің төрағасы Қазбек Тәшімов заңсыз өнімнің елге өту жолдарына тоқталды.

«Біз талдау жүргіздік. Көп жағдайда өнім жалған транзит ретінде көрсетіледі. Құжат бойынша ол Қырғызстанға барады дейді, бірақ іс жүзінде біздің нарықта қалады. Түркістан облысында да осындай жағдай болды. Ресейден әкелген өнім Байқоңыр арқылы кіріп, кейін Қызылорда мен Түркістанға тарады», – деді ол.

Ол бұл проблеманы шешу үшін жаңа схема енгенін атап өтті.

«Қазір 1077 ішкі сауда нысаны күнделікті бақылауда. Соңғы тексерістерде 400-ден астам заң бұзушы анықталды. Жаңа заң жобасында мұндай заңсыз сауда нүктелерін жабу және өнімді сатуға тыйым салу нормалары еніп жатыр. Бұл нарықты тазартуға мүмкіндік береді», – деді Тәшімов.

Отырыс соңында қатысушылар Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін дамыту үшін бірқатар нақты шараларды ұсынды. Ең алдымен шекарадағы бақылауды толық цифрландыру, деректер базасын біріктіру және заңсыз өнімдердің елге кіруіне жол бермеу қажет екені айтылды. Сауда желілерінде отандық өнімге көбірек орын беруді ынталандыратын тетіктер енгізу, ішкі нарықтағы өнім үлесін тәуелсіз зерттеулер арқылы анықтау ұсынылды. Сонымен бірге сұр импортпен күрес күшейтіліп, заңнама жетілдірілуі тиіс.

Қатысушылар ұзақ мерзімді субсидиялау мен тұрақты қаржыландыру жүйесін қалыптастырудың да маңызын атап өтті. Мұндай шаралар іске асса, Қазақстан отандық өндірушілерді қорғап қана қоймай, экспорттық әлеуетін арттырады, жаңа жұмыс орындарын ашады және ауыл халқының әлеуметтік жағдайын жақсартады.

Серіктес жаңалықтары