Батыс Қазақстан облысында жолдардың жай-күйі қалай
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 15 елді мекеннің жолдары жөнделеді

Жол – елдің күретамыры. Әсіресе ұлан-ғайыр жері бар Қазақстанда көлік инфрақұрылымының жай-күйі халықтың тұрмыс сапасына, экономикаға, ауыл мен қаланың байланысына тікелей әсер етеді. Соңғы жылдары Батыс Қазақстан облысында жолдарды жөндеу, жаңғырту жұмыстары кеңінен қолға алынып, елді мекендердің тұрмысына тың серпін беруде, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстың автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы бүгінде 6183 шақырымды құрайды. Оның ішінде республикалық маңызы бар жолдар – 1349 шақырым, ал жергілікті маңызы бар жолдар – 4834 шақырым. Бұл – өңірдің ауыл-аймағын, қаласын, шаруашылық пен өндірісті байланыстыратын негізгі артериялар.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының ақпаратынша, 2025 жылдың басындағы деректерге сәйкес, республикалық маңызы бар жолдардың 83%-ы нормативтік деңгейде болса, жергілікті маңызы бар жолдар 56%-ды құрайды.
Биыл облыста жергілікті жолдарды жөндеуге ерекше назар аударылып отыр. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша жалпы сомасы 45,4 млрд теңгеге 263 шақырымнан астам жолды жөндеу жоспарланған. Бұл – ауылдағы ағайынның тыныс-тіршілігіне тікелей әсер ететін маңызды бастама.
Соның ішінде облыстық деңгейдегі 8 жобаға және аудандық деңгейдегі 14 жобаға 39,5 млрд теңге бөлініп, 220,7 шақырым жолда жөндеу жұмыстары басталды. Оның ішінде:
- 35 шақырым – қайта жаңарту,
- 108,7 шақырым – күрделі жөндеу,
- 55,7 шақырым – орташа жөндеу,
- 21,3 шақырым – ағымдағы жөндеу.
Қазіргі таңда 145 шақырым жолға асфальтобетон жабыны төселіп, нақты нәтиже көріне бастады.
Жолдың жай-күйі ауылдағы өмірдің сапасын айқындайды. Сондықтан «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында биыл 15 елді мекеннің ауылішілік жолдарын жөндеуге 5,9 млрд теңге қарастырылған. Бұл қаржыға 42,31 шақырым жолды асфальтбетонмен жабу көзделген. Бүгінгі күнге дейін 19,8 шақырымында жұмыстар аяқталды. Бұл тек сандар ғана емес, ауыл халқы үшін күнделікті өмірді жеңілдететін нақты өзгерістер.
Жалпы жол құрылысы – ұзақ мерзімді әрі қомақты қаржыны талап ететін сала. Дегенмен соңғы жылдардағы жүйелі қадамдар Батыс Қазақстан облысында жол сапасының біртіндеп жақсарып келе жатқанын көрсетеді. Әсіресе ауылдық жерлердегі жолдардың жөнделуі – ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына, халықтың тұрмысын жақсартуға берік негіз қалайды.