Құрылыс кодексі төңірегіндегі дау: миллиондаған теңгені тиімсіз жұмсағаны үшін кімдер жазаланды
Депутат ЖАП-қа жүгінуге ниетті

Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытжан Базарбек Құрылыс кодексінің жобасына бөлінген 291 млн теңгенің негізсіз жұмсалғаны үшін екі қызметкер сөгіспен құтылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Құрылыс министрлігіне қатысты тергеуге келер болсақ, шынында да, құжатты әзірлеуге көп ақша жұмсалды, ал екі шенеунік бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланғаны үшін жазаланды. Біріншісі — өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің қарапайым маманы, екіншісі — «Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институтының» маманы. Олар жауапкершілікке тартылды, бірақ тек тәртіптік жаза, яғни сөгіс алған. Сол себепті мен бұл мәселені жоғарғы аудиторлық палатаның алдында көтермекпін», - дейді Базарбек президенттің Жолдауынан кейін.
Депутат Мәжілісте жатқан Құрылыс кодексінің жобасы қазан айында бірінші оқылымда қаралатынын, ал жыл соңына қарай екінші оқылымға шығатынын айтты. Құжатқа көп түзету енгізілген.
«Ережелерге келсек, олар талаптарды күшейтеді. Ең алдымен біз құрылыс сапасын негізге аламыз және құрылыс ұйымдары мен құрылыс салушылардың жауапкершілігін қатаңдатамыз. Сондай-ақ құрылыс индустриясының барлық субъектісінің — авторлық қадағалау, жобалаушылардың жауапкершілігін күшейтеміз. Өзін-өзі реттейтін ұйымдарға, техникалық қадағалау, жобалаушылар, сараптама ұйымдарына ерекше назар аударамыз. Оларға ішкі қатынастарды өздері реттеуге мүмкіндік беру керек, мемлекет әр процеске араласпай, дәл осы өзін-өзі реттеу тетігі жұмыс істеуі тиіс», - деп санайды мәжілісмен.
Бақытжан Базарбек құрылыс саласында цифрландыру өте маңызды екенін атап өтті.
Естеріңізге салайық, бұған дейін Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Құрылыс кодексінің жобасын оқушының рефератына теңеп, құжатты әзірлеуге 291 млн теңге бюджет ақшасы негізсіз жұмсалғанын айтып сынаған еді.
Бүгін ел халқына кезекті жолдауында президент Құрылыс кодексін жыл соңына дейін қабылдауды тапсырды.