Елжан Біртанов дәрігерлерді мерекесімен аураханадан құттықтады
21 маусым – Медицина қызметкерлері күні
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов дәрігерлерді төл мерекесімен аураханада жатып құттықтады, деп хабарлайды Аzattyq ruhy.
Министр COVID-19 пандемиясы кезінде жұқпалы аурулар ауруханасында, провизорлық стационар, жедел медициналық жәрдем станциялары мен жалпы, барлық денсаулық сақтау ұйымдарында медицина қызметкерлері патриоттық сезіммен, жоғары жауапкершілікпен, кәсіби біліктілігін көрсетіп жатқанын атап өтті.
«Қазір сіздер аянбай әр пациенттің өмірін сақтап қалудасыздар. Алдарыңызға көмек сұрап келген адам ғана медицина қызметкерлерінің науқасқа деген ерекше мейірімін, әр пациентке мұқият қарайтынын қасиеті мен шеберлігін көреді, сезеді. Тәулік бойы, мереке күні де алдыңғы шепте жүрген барлық медицина қызметкеріне шексіз алғыс айтқым келеді»,- деп жазды ол.
Ол Қазақстандық дәрігерлердің осындай қиын уақытта басымызға түскен ауыртпалықты жеңе алатынына сенім білдірді. Және бұған қазір емделіп жатып тағы көз жеткізгенін айтты.
«Тағы да атап өткім келеді, қазір ең бастысы – елімізде пандемияға қарсы күресті жалғастыру қажет, ал біз бірге міндетті түрде жеңеміз!Сіздердің адал еңбектеріңізді жоғары бағалаймыз және оның қадірін білеміз. Қызметтеріңізге табыс, болашаққа сенім мен отбасыларыңызға амандық тілеймін! Өздеріңізге сақ болыңыздар. Дендеріңіз сау болсын!»,- деп түйіндеді министр.