Алматыда бойжеткеннің өлімінен кейін ағаштардың бұтақтары кесіліп жатыр
Биыл Алмалы ауданында 30 мыңнан астам ағаштың бұтақтарын кесу жоспарланып отыр

Алматы қаласының Алмалы ауданында жазатайым оқиғадан кейін ағаш бұтақтары кесіліп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Естеріңізге салайық, 13 тамыз күні Алмалы ауданындағы Қарасай батыр мен Шәріпов көшелерінің қиылысында 27 жастағы қыздың үстіне ағаштың бұтағы құлаған. Өкінішке қарай ол жедел жәрдем келгенше қайтыс болды.
Жазатайым оқиғадан кейін аудан аумағындағы ағаштардың құлауы мүмкін бұтақтарын кесу жұмысы басталған.
«Алмалы ауданында күнделікті режимде ағаштарды санитарлық кесу жұмысы жүргізілуде. Биыл 30 мыңнан астам ағашты санитарлық кесу жоспарланған, оның ішінде бүгінгі күнге дейін 20 мыңнан астамы өңделді. Ауданда күн сайын 10 мамандандырылған бригада жұмыс істейді. Жұмыс жоспарға сәйкес және тұрғындардың өтінішімен жүргізіледі, ал өтініштер басым тәртіппен қаралады», - делінген қала әкімдігінің хабарламасында.
Ведомство ақпаратынша, бүгін кешегі түскен өтініштер орындалған: Шәріпов көшесі, 106; Жамбыл көшесі, 117-7; Шәріпов – Құрманғазы қиылысы. Сонымен қатар, көршілес көшелерде де жоспарлы жұмыстар атқарылды. Аталған аумақта Құрманғазы, Қарасай батыр, Әди Шәріпов, Жамбыл көшелерінде 3 бригада жұмыс істеген.
Сондай-ақ, бүгін тағы 7 және қосымша 2 бригада мына мекенжайларда санитарлық кесу жұмыстарын жүргізді: Маметов көшесі, 47; Тастақ-2, 31-үй; Шарипов, 17; М. Әуезов, 133; Прокофьев, 38; Прокофьев, 35; М.Ақатай, Байтұрсынұлы көшесімен қиылысы; Шагабутдинов, 116/120; Шагабутдинов, 124.
Алматы әкімдігі қыздың өлімінен кейін «тексеру барысында бұтағы сынған ағаштың жасыл әрі қанағаттанарлық жағдайда екені анықталғанын» мәлімдеген.