$ 537.96  630.27  6.73
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
Бүгін, 13:10
Қоғам

Алматыда ағаш бұтағы құлап, көз жұмған бойжеткеннің оқиғасы: әкімдік түсініктеме берді

Былтыр тұрғындардың өтінішімен сол маңдағы бір ағаштың бұтақтары кесілген екен

Алматыда ағаш бұтағы құлап, көз жұмған бойжеткеннің оқиғасы: әкімдік түсініктеме берді
Фото: istockphoto.com

Алматы қаласының әкімдігі үстіне ағаш бұтағы құлап қаза тапқан 27 жастағы бойжеткеннің өліміне қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жазатайым оқиға кеше, 13 тамыз күні Алматының Алмалы ауданындағы Қарасай батыр мен Шәріпов көшелерінің қиылысында болған. Жұмысынан кофе алуға шыққан қыздың үстіне ағаштың бұтағы құлап, ол жедел жәрдем келгенше сол жерде көз жұмған.

Әкімдіктің ақпаратынша, оқиға орнына Алмалы ауданы әкімі аппаратының, аудандық прокуратураның, экология және қоршаған орта басқармасының, сондай-ақ осы басқармаға қарасты «Eco Almaty» ЖШС өкілдері барған.

«Ағашты қарап тексеру барысында бұтағы сынған ағаштың жасыл әрі қанағаттанарлық жағдайда екені анықталды. Тек сыртқы көрінісіне қарап, бұл ағашқа санитарлық қырқу жүргізу қажет пе, болашақта бұтақтары немесе ағаштың өзі құлай ма, жоқ па – оны болжау мүмкін емес. Өйткені ағаш жасыл және қурау белгілері жоқ», - деп мәлімдеді қалалық әкімдік.

Ведомствоның ақпаратынша, былтыр тұрғындардың өтінішімен дәл осы аумақта бір еменнің санитарлық мақсатта бұтақтары кесілген. Сондай-ақ, биыл тұрғындардың өтінішімен Шәріпов және Бөгенбай батыр көшелерінің қиылысында апатты жағдайда тұрған екі терек те кесілді. Алайда бұтағы қыздың үстіне құлаған ағаш бойынша осы жылы ешқандай өтініш түспеген әрі оны кесуге де негіз болмаған, дейді әкімдіктегілер.

«Себебі ағаш жасыл және қанағаттанарлық жағдайда тұрған, қурау немесе апат белгілері байқалмаған», - делінген хабарламада.

Қала әкімдігі 2025 жылдың басынан бері Алмалы ауданы аумағында 21 мыңнан астам ағаш санитарлық қырқудан өткенін атап өтті.

Серіктес жаңалықтары