$ 537.96  630.27  6.73
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
Бүгін, 15:26
Қоғам

Отбасы банк ақша тапты: «Наурыз» ипотекалық бағдарламасы қайта басталады

Отбасы банк Қазақстан қор биржасынан 102,7 млрд теңге тартқан

Отбасы банк ақша тапты: «Наурыз» ипотекалық бағдарламасы қайта басталады
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Елімізде 13 тамыздан «Наурыз» және «Наурыз жұмыскер» бағдарламалары бойынша үй алатындарға ипотека беру қайта басталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Отбасы банк Қазақстан қор биржасына әлеуметтік облигацияларын шығарған. Бір облигацияның номиналды құны – 1000 теңге. Облигациялардың айналым мерзімі – бес жыл, ал купон инвесторларға жылына екі рет төленеді. Осылайша Отбасы банк KASE-дан «Наурыз» бағдарламасына қатысып жатқандарға ипотека беру үшін 102,7 млрд теңге тартты.

«Отбасы банктің облигациялары әлеуметтік мәртебеге ие. Бұл облигациялар – жоғары кірістілік пен эмитенттің төмен тәуекелінің сирек үйлесімі, сондықтан инвестор ретінде жеке тұлғалардың саудаға қатысуы бізді қуантады. Одан бөлек, бұл қаражаттың бір бөлігі сол күні-ақ клиенттерге жетті. Бүгінгі күннің өзінде 12 заем берілді», - дейді Отбасы банктің басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.

Бұған дейін Отбасы банк 85,72 млрд теңге тартқан болатын. Бұл қаражатқа 4 мыңнан астам қазақстандық отбасыға қарыз берілді. «Наурыз» бағдарламасы бойынша 2702 қазақстандық пәтер сатып алса, тағы 1566 жұмысшы кәсіп өкілдері «Наурыз жұмыскер» бағыты арқасында баспаналы болған.

«Наурыз» ипотекасы бойынша қоныс тойын тойлайтындардың ең көбі – Астанада, 1 116 қарыз берілген. Алматыда 562 адам үйлі болса, Шымкентте 367 несие рәсімделген.

Ал «Наурыз жұмыскер» бағыты бойынша қолжетімді несиелердің 60%-дан астамын өнеркәсіп және құрылыс салаларының мамандары алды, қарыздардың 21%-ы көлік саласына, 13 пайызы энергетика саласының қызметкерлеріне берілген.

«Биыл «Наурыз» бағдарламасына қатысушылар тізіміне 12 мың қазақстандық кірді. Оның 4 577-сі немесе 38,1%-ы тұрғын үйге кезекте тұр. Кезекте тұрғандардың жартысына жуығы халықтың әлеуметтік осал санатына жатады. Халық арасында бағдарламаға сұраныс жоғары болғандықтан, қарыз алушыларға қаражат жетпей жатыр. Осыған байланысты Отбасы банк маусым мен шілде айларында кредит беруге уақытша лимит қоюға мәжбүр болған еді. Осы кезеңде «Наурыз» бен «Наурыз жұмыскер» бағыты бойынша қарыздарды кепіл шартын тіркеп, кесте мен қарыз шартына қол қойған адамдар ғана алды. Бағдарламаға қатысқан осындай 275 адамның барлығына несие берілді. Ал енді 2025 жылғы 13 тамыздан бастап Отбасы банк «Наурыз» бағдарламасы және «Наурыз жұмыскер» бағыты бойынша несие беруді қайта бастады», - деп түсіндірді Отбасы банк.

Қазір елімізде қандай тұрғын үй бағдарламалары жұмыс істеп тұрғанын мына сілтемеден оқи аласыздар. 

Серіктес жаңалықтары