Арзан ипотека: Қазақстанда қандай тұрғын үй бағдарламалары жұмыс істеп тұр
Әр бағдарламаның өз талаптары, бастапқы жарна мөлшері, сыйақы мөлшерлемесі және несие мерзімі бар

Қазақстанда баспаналы болғысы келетін азаматтар үшін әртүрлі ипотекалық бағдарламалар жұмыс істейді. Кейбір бағдарламаларға әкімдік кезегінде тұрғандар немесе белгілі бір салада жұмыс істейтіндер ғана қатысса, енді бірі тұрақты табысы бар әйелдерге ғана арналған. Azattyq Rýhy еліміздегі қолданыстағы ипотекалық бағдарламаларға шолу жасады.
«7-20-25» бағдарламасы
Бұл бағдарлама бойынша арзан ипотеканы екінші деңгейлі банктер береді, Отбасы банк «7-20-25» бағдарламасына қатыспайды.
Негізгі шарттары:
- сыйақы мөлшерлемесі – 7%;
- бастапқы жарна – 20%;
- несие мерзімі – 25 жыл.
Баспананың максималды құны: Астана, Алматы, Шымкент, Атырау, Ақтау қалалары үшін – 25 млн теңге; Қарағанды, Түркістан – 20 млн теңге, басқа өңірлерде – 15 млн теңге.
Тұрақты табысы бар, соңғы 18 айда баспанасы болмаған және бұрын осы бағдарламаға қатыспаған қазақстандықтар ипотека рәсімдей алады. Бұл бағдарлама бойынша жаңа салынған тұрғын үйден ғана пәтер алуға болады.
«2-10-20» бағдарламасы
Отбасы банк арқылы жүзеге асатын бұл бағдарламаға әкімдікте үй кезегінде тұрғандар қатыса алады. Олар: көпбалалы отбасы, жетім және ата-анасының қарауынсыз қалған балалар, I және II топтағы мүгедектігі бар азаматтар, мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасылар.
Шарттары:
- ипотека 2%-бен беріледі;
- бастапқы жарна – несиенің 10%-ы;
- несиені 20 жылға дейін рәсімдеуге болады.
Бағдарлама аясында әкімдіктердің кредиттік тұрғын үйі сатылады. Баспананы кезекте тұрған өңірден ғана сатып алуға болады.
Осы бағдарламаға қатысатын азаматтар Отбасы банктен депозит ашуы керек.
«5-10-20» бағдарламасы
Бұл бағдарлама да әкімдікте баспана кезегінде тұрған азаматтарға арналған.
Несие мөлшерлемесі – 5%;
Бастапқы жарна – 10 пайыздан басталады;
Қарыз мерзімі – 20 жылға дейін.
Бағдарламаның артықшылығы – азаматтар салынып жатқан тұрғын үйден өздері пәтер таңдай алады және оларға салық жеңілдігі қарастырылған. Бағдарламаға қатысу үшін Отбасы банктен депозит ашып қою қажет.
Айта кетері, «2-10-20» және «5-10-20» бағдарламалары мемлекеттік қаржыландыруға негізделген. Бұл бағдарламалар аясында әлеуметтік тұрғын үйлерді жергілікті әкімдіктер салады. Сондықтан өңірде әлеуметтік тұрғын үй салынған жағдайда ғана осы бағдарламаларға қатысып, баспаналы бола аласыз. Егер әкімдік мұндай үйлерді салмаса, Отбасы банк бұл бағдарламаларды іске қоса алмайды.
«Наурыз» бағдарламасы
«Наурыз» бағдарламасына қатысу үшін де «Отбасы банктен» шот ашу керек. Депозиттегі жинақ кем дегенде 2 млн теңгені құрауға тиіс. Ақша одан аз болса, өтінім бере алмайсыз. Депозитке ақшаны ай сайын жинамай, өтінім берер алдында бірден салуға да болады.
Бастапқы жарна:
- қарыздың 20%-ы;
- егер жаңа тұрғын үйдің іші жөнделген пәтерін сатып алсаңыз, жарна – 10%.
Қарыздың ең жоғары сомасы (пәтер жөндеуге арналған ақшаны қоса алғанда):
- Астана және Алматы қалалары үшін – 36 миллион теңгеге дейін;
- басқа өңірлер үшін – 30 миллион теңгеге дейін.
Сыйақы мөлшерлемесі:
- 7% (ЖТСМ 7,1%-дан 9,6%-ға дейін) – халықтың әлеуметтік осал тобы санаты бойынша баспанаға мұқтаж ретінде тіркелген азаматтар үшін;
- 9% (ЖТСМ 9,4%-дан 13%-ға дейін) – тұрғын үйге мұқтаж ретінде тіркелген басқа азаматтар мен қандастар үшін.
Несиелеудің жалпы мерзімі – 19 жылға дейін.
«Наурыз» бағдарламасына 18 бен 63 жас аралығындағы кез келген қазақстандық қатыса алады, сонымен қатар «қандас» мәртебесіне ие азаматтар да өтінім беруге құқылы. Бағдарламаға өтінім бергендер балдық жүйе бойынша іріктеледі.
«Наурыз» бағдарламасымен пәтерді пайдалануға берілген жаңа тұрғын үйден немесе құрылысы аяқталмаған үйден, сондай-ақ моноқалалар мен ауылдарда қолданыстағы үйді сатып алуға болады.
«Наурыз жұмыскер» бағдарламасы
Бағдарламаға мына салаларда істейтін қызметкерлер ғана қатыса алады:
- ауыл, орман және балық шаруашылығы;
- тау-кен өнеркәсібі және карьер қазу;
- өңдеу өнеркәсібі;
- электр энергиясымен, газбен, бумен, ыстық сумен және кондиционерленген ауамен жабдықтау;
- сумен жабдықтау; су бұру; қалдықтарды жинау, өңдеу және жою, ластануды жою жөніндегі қызмет;
- құрылыс;
- тасымалдау және сақтау.
Несие мөлшерлемесі халықтың әлеуметтік осал тобы үшін – жылдық 7%, қалған санаттар үшін – жылдық 9%.
Бастапқы жарна:
- жаңа салынған үйдің іші жөнделген пәтерін сатып алса – 10%-дан;
- ал қара сылақтағы пәтер немесе қолданыстағы тұрғын үй үшін (моноқалалар мен ауылдар) – 20 пайыздан басталады.
Заемның ең жоғары сомасы – өңірлер үшін 30 млн теңге, Астана, Алматы қалалары үшін – 36 млн теңге.
Несие мерзімі – 19 жылға дейін.
Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен облыс орталықтарынан тек жаңа тұрғызылған үйден пәтер сатып алуға болады. Ал қолданыстағы тұрғын үй тек моноқалалар мен ауылдарда сатылады.
«Наурыз жұмыскер» бағдарламасына өтінім берген үміткерлердің Отбасы банкте депозиті және кемі 2 млн теңге жинағы болуы керек. Бұған қоса соңғы 5 жыл ішінде өтініш беруші мен оның отбасы мүшелерінің меншігінде баспана болмауға тиіс. Отбасы мүшелеріне күйеуі, әйелі және олардың кәмелетке толмаған балалары жатады.
«Жасыл ипотека» бағдарламасы
Жасыл ипотека — экологияға зиян келтірмейтін, яғни «жасыл стандартқа» сай салынған үйлерді сатып алу үшін берілетін несие. Ондай үйлерде жылу, су, жарық үнемді жұмсалады және оларда арнайы сертификат болады. Мысалы ұлттық ӨМІР, халықаралық BREEAM, LEED немесе ресейлік ГОСТ Р стандарттарына сәйкестігін растайтын сертификат.
Бастапқы жарна:
- барлық санат үшін — шарттағы соманың 20%-дан 50%-ға дейін;
- ал мемлекеттен тұрғын үй төлемін алатындар үшін — 15%-дан 50%-ға дейін.
Несие жылдық 12,5 пайызбен, ал I, II және III топтағы мүгедектігі бар адамдар үшін жылдық 7%-бен беріледі.
Егер «алтын» деңгейінен төмен емес сәйкестік сертификаты бар тұрғын үйден пәтер алсаңыз, сыйақы мөлшерлемесі мынадай болады:
- әкімдікте кезекте тұрғандар үшін – 7% жылдық;
- тұрғын үй төлемін алатындар үшін – жылдық 11%.
Несие мерзімі – 6 айдан 25 жылға дейін.
Қарыздың ең жоғары сомасы – 50 млн теңге.
Әйелдерге арналған «Ұмай» бағдарламасы
Аты айтып тұрғандай, «Ұмай» бағдарламасына тек жұмыс істейтін әйелдер ғана қатысады. Осы бағдарламамен жаңа салынған және қолданыстағы тұрғын үйден пәтер алуға болады. Өз атыңызда үй болса да, бағдарламаға қатысуға шектеу қойылмайды.
Осыған дейін үш жыл жұмыс істеп келген «Ұмай» бағдарламасы қазір тоқтап тұр. Отбасы банк былтыр қараша айында Азия даму банкімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған, осылайша ипотекалық бағдарлама биыл қайта іске қосылады деген жоспар бар.
2025 жылы «Ұмай» бағдарламасының алдын ала шарттары мынадай:
- қарыздың ең жоғары сомасы – 50 миллион теңге;
- отбасының максималды айлық табысы – 950 000 теңгеге дейін;
- бастапқы жарна – 20%-дан басталады.
Ал несие мөлшерлемесі қанша болатыны әзірге белгісіз.
«Дипломмен – ауылға» бағдарламасы
Жоғары оқу орнын тәмамдаған жас мамандар ауылға барып жұмыс істесе, осы бағдарлама арқылы үй алуға немесе оны салуға арзан несие ала алады.
Басты талап – несие алған маман ауылда кем дегенде 3 жыл өз мамандығы бойынша жұмыс істеуге тиіс.
Бюджеттік несиенің шарттары:
- аудан орталығында қарыздың ең жоғары сомасы – 2500 АЕК-тен;
- ауылда – 2000 АЕК-тен аспайды.
Несие мерзімі: 15 жылға дейін.
Пайыздық мөлшерлемесі – жылдық 0,01%.
«Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша жақын туыстардың үйін сатып алуға тыйым салынады.
«Орда Аймақ» бағдарламасы
Бұл ипотеканы «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ іске қосқан. Бағдарламаға қатысатындар өңірлерден Бірыңғай оператордың кепілдігімен салынып жатқан тұрғын үйден пәтер ала алады. Ол үшін өтінім беруші облыс орталығында, республикалық маңызы бар қалада немесе астанада орналасқан көппәтерлі тұрғын үйдегі пәтерін немесе жер учаскесі бар жер үйін кепілге қоюға тиіс. Жеңіл конструкциялардан құрылған, мысалы саманнан салынған үй, сонымен қатар 2000 жылдан кейін салынған таунхаустарды қоспағанда, жер учаскесі 3 гектардан аз жылжымайтын мүлік кепілге алынбайды.
Шарттары:
- қарыз сомасы – 75 миллион теңгеге дейін;
- несие мерзімі – 12 айдан 240 айға дейін;
- бастапқы жарна – сатып алынатын баспана құнының 20%-нан басталады;
- сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 15,9%.
Ипотекаға өтінімді 21 жасқа толған және одан асқан азаматтар бере алады.
Бұдан бөлек, әр өңірде жастарға арналған тұрғын үй бағдарламалары жұмыс істейді. Оны әкімдіктер Отбасы банкпен бірлесіп іске қосқан.