Алматының орталығында ағаштың бұтағы құлап, қыз баланы жазым етті
Ол алған жарақатынан көз жұмды

Алматыда 13 тамыз күні түске таяу қайғылы жағдай болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алмалы ауданында, Әди Шәріпов пен Қарасай батыр көшелерінің қиылысында, Qarasai park тұрғын үй кешенінің жанында өтіп бара жатқан қызға ағаштың сынып түскен бұтағы құлаған. Жедел жәрдем келгенше ол алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды.
Марқұмның туысының айтуынша, ол жұмысынан кофе алуға шығып, қайта оралып келе жатқанда қайғылы жағдайға ұшыраған.
Оқиға орны қоршауға алынып, полиция қызметкерлері мен сарапшылар жұмыс істеуде.
«Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қажетті сараптамалар тағайындалды, тергеу жүргізілуде», – деп хабарлады Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі агенттік тілшісіне берген түсініктемесінде.