Салық органы блогер Әлішер Елікбаевтан сотта жеңіліп қалғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды
Ешқандай да сот шешімі жоқ дейді МКК

Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті танымал блогер Әлішер Елікбаевтың салық органын сотта жеңіп шыққаны туралы мәлімдемесін жоққа шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Әлеуметтік желіде блогер Әлішер Елікбаевтың мемлекеттік кірістер органдарын сотта жеңіп шыққаны жөнінде ақпарат тарап жатыр. Бұл шындыққа сәйкес келмейді. Сот оның талабын мәні бойынша қараған жоқ және мемлекеттік кірістер органдарының әрекетін заңсыз деп таныған жоқ», - делінген хабарламада.
Ведомство 15 тамыздағы жағдай бойынша мемлекеттік кірістер органдарының әрекетін заңсыз деп тану туралы немесе өзге де сот шешімдері мен хабарламалар жоқ екенін атап өтті.
«Мемлекеттік кірістер органдарының әрекеттерін заңсыз деп тану жөнінде таратылып жатқан ақпарат шындыққа сәйкес келмейді», - деп мәлімдеді комитет.
Бұған дейін танымал қазақстандық блогер Әлішер Елікбаев желідегі парақшасында мемлекеттік кірістер комитетін сотқа беріп, жеңіп шыққанын жазған еді.