$ 513  541.16  4.69
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
18.06.2020, 14:14
Қоғам

Берік Уәли, Біртанов пен Тілеухан Нұр-Сұлтанда 20 күнде салынған инфекциялық ауруханада жатыр

Қауіпті індет «Сол жағалауға» да жетті  

Берік Уәли, Біртанов пен Тілеухан Нұр-Сұлтанда 20 күнде салынған инфекциялық ауруханада жатыр

Пандемияның екінші толқыны Қазақстанның жоғары шенді мемлекеттік қызметкерлеріне оңайға соқпады. Бірі инфекциялық ауруханаға түссе, екіншісі оқшауланып жатыр. Бүгін ғана Елбасы Нұр-Сұлтан Назарбаевтан COVID-19 вирусы анықталғаны белгілі болды. Баспасөз хатшысы Айдос Үкібайдың жазуынша, «алаңдауға себеп жоқ».

Одан бөлек коронавирус жұқтырғандар ішінде Президент Әкімшілігі, Парламент, Үкімет мүшелері де бар. Байланыста болған біраз министр үйде оқшауланды. Azattyq Ryhy шенеуніктердің көмекшілеріне хабарласып, жағдайларын білді.

Оқи отырыңыз: Елордада екі апта ішінде қандай аурухана салынады – фоторепортаж

Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов және  Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан бір ауруханада – Нұр-Сұлтан қаласындағы жаңадан салынған модульдік инфекциялық орталықта жатыр. Бұл жөнінде көмекшілері арқылы білдік. Үшеуі де бұған дейін фтизиопульмонологиялық орталықта (туберкулездік диспансер – авт.) болған. Бекболат Тілеуханның көмекшісі депутаттың жаңа екі күннен соң, ал дереккөз Біртанов пен Уәлидің кеше ауыстырылғанын растады. Дереккөздің сөзінше, жағдайы тәуір болған адамдар модульдік ауруханаға жіберіліп отырады.

Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Диас Ахметшәріп Е.Біртановтың жағдайы «қанағаттанарлық» екенін жеткізді.

«Жағдайы орташа қалыпты. Қанағаттанарлық. Ем-домын қабылдап жатыр. Нұр-Сұлтандағы модульдік ауруханада. Халықпен бірге, халықтың алып жатқан емін ол кісі де алып жатыр. Штабтың жұмысын күндіз-түні онлайн режимде, ұялы телефон арқылы, чаттарға кіріп қадағалап, нұсқау беріп отыр. Ағзасы вирусқа қарсы терапияны жақсы көтеруде. Емделіп, жұмысқа қосылады деп ойлаймыз. Емдеу уақыты – 2-3 аптаның көлемі ғой. 9-хаттама бойынша, егер науқастың жағдайы жақсарса, өз келісімімен ауруханадан шығаруға болады», - деді Д. Ахметшәріп.

Бекболат Тілеуханның көмекшісі депутаттың халі «жақсы» деді. Ол келесі аптада ауруханадан шығуы мүмкін.

«Алдында диспансерде жатыр еді, екі күннен соң жаңа ауруханаға ауыстырды. Телефонмен демікпесі басылғанын, қазір жақсы екенін жеткізді. Сақтық шараларын сақтау керек екенін айтты», - деп жеткізді бізге.

Бұған дейін Берік Уәли тілшілерге коронавирустан қалай емделіп жатқанын, қазір жағдайы жақсарғанын жеткізген болатын.

«Кешеден бері ғана өзімді жақсы сезіне бастадым. Дене қызуым түсіп, тыныс алуым да жақсарды. Мені емдеп шыққан барлық дәрігерге және медициналық қызметкерге алғыс айтамын. Сол кәсібилігінің арқасында жағдайым жақсарды», – деген болатын Тоқаевтың баспасөз хатшысы.

Ал Мәжіліс төрағасынан симптомсыз коронавирус табылғандықтан, үйде емделіп жатыр. Ол Денсаулық сақтау министрімен байланыста болған.

Ауырған шенеуніктермен байланысқа түскен Премьер-министр, Қаржы, Білім және ғылым, Ауыл шаруашылығы, Қорғаныс, Экология министрлері мен Жамбыл облысы әкімі Бердібек Сапарбаев та қазір үй карантинінде жатыр.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары