«Бүкіл Қазақстан демалуға келеді»: Алакөлде бір-ақ банкомат бар
Туристі аймаққа қолма-қол ақшамен бармаса қиын дейді жергілікті тұрғындар
Алакөлге тиіп тұрған Үржар ауданы Қабанбай ауылы тұрғындары үшін ақшаға қол жеткізу қиындық туғызып отыр. Елдімекендегі 4 мыңнан астам халыққа – жалғыз банкомат. Туристер ағылып келетін ауылда ақша алу үшін ұзын-сонар кезек, деп хабарлайды Altaynews.
Банкомат «Қазпоштаға» қарайды. Алайда, екі күннің бірінде істен шығып қалатын көрінеді.
«Бүкіл Қазақстан демалуға келеді. Адамдар үлкен кезекке тұрады. Сұмдық қой мынау. Ауылдағы жалғыз банкомат – осы. Ай сайынғы жалақыға қол жеткізу бір азап болды», - дейді Айгерім есімді ауыл тұрғыны.
Қабанбай ауылдық округінің әкімдігі банкомат тапшылығымен таныс екенін, алайда тұрғындардан шағым түспегенін алға тартады.
«Мәселемен таныспын, бірақ тұрғындар тарапынан ешқандай шағым болған жоқ. Негізі, бұрын 2 банкомат болған. Былтыр Қабанбай ауылындағы банкоматты тонап, «Қазпоштаны» өртеп кеткеннен кейін 1 банкомат жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта екінші банкомат қалпына келеді. Негізінен, «Халық банк» АҚ картасын ауылдың 980 адамы пайдаланады екен. Осыған байланысты «Халық банкке» әкімдік банкомат ашу үшін ұсыныс жібердік. Бірақ ол жағы белгісіз, – дейді Қабанбай ауылдық округ әкімі Тимур Бозекенов