Елордада екі апта ішінде қандай аурухана салынады – фоторепортаж
Жоба құны шамамен 5 млрд теңге
Елорда жанында COVID-19 инфекциясын жұқтырғандарды жатқызатын жаңа аурухананың құрылысы басталып кетті. BI Group компаниясы 200 орынға арналған мекемені 15-20 күннің ішінде пайдалануға береміз деп жоспарлап отыр. Azattyq Ryhy құрылыс алаңынан фоторепортаж ұсынады.
Аурухана Нұр-Сұлтан қаласы орталығынан 15-20 шақырымдай жерде, туберкулез диспансерінің жанында орналасады. Жер алдын ала дайындалып, құрылыс 5 сәуірде басталған. Қазір монтаждау шаруалары аяқталған, отандық ModeX зауытының дайын модульдік темірбетон блоктары қойылып жатыр. Яғни, кірпіш қалауға, бетон құрастыруға уақыт кетпейді.
«Біз бұл блоктармен жазда 3 ай ішінде елордада тұрғын үй кешенін саламыз деп жоспарлап отырғанбыз. Сол үшін зауыттан жүз блок шығарылып, дайын тұрды. Жағдайға байланысты сол блоктарды госпиталь үшін қайта жобаладық. Былайша айтқанда, әр палата зауытта-ақ дайын болып қояды. Құрылыс алаңында соны орналастырады. Еуропада, Ресейде 9 қабатты үйлерді мұндай блоктармен 3 айда салады», - деп түсіндірді BI Group компаниясының басқарма төрағасы Амангелді Омаров.
Құрылыс алаңында 500-ге жуық адам бар. 15 сәуірге дейін құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталады.
«20 күн деген өте аз. Біз тәуекелге барып, дайындықты ерте бастап кеттік. Егер жобаны бізге бермегенде, шығынға да қалар ма едік. 25 немесе 28 сәуірде тапсырамыз деп жоспарлап отырмыз. Қолымыздан келсе, одан ерте берерміз. Құрылысшылар үш ауысыммен, 24 сағат бойы жұмыс істеп жатыр», - деді жоба жетекшісі Арман Лесбеков.
Барлық шекара жабық болғандықтан, әкімдіктер елдегі бар құрылыс материалдарын жинап беріп жатыр екен. Медициналық жабдықтар бойынша Денсаулық сақтау басқармалары көмектеседі.
«Шекара жабық, бағалар нарығы да түсініксіз. Мысалы, жасанды тыныстау аппараты Түркияда коронавирус таралғанға дейін 3 мың доллар болса, қазір 50-60 мың доллар тұрады. Бізге сатып алу тиімсіз. Сондықтан әкімдіктердің көмегіне сүйенеміз», - деді бұл жайында Амангелді Омаров.
Айтпақшы, BI Group бұл жобадан ешқандай пайда көрмейміз, нөлге жұмыс істейміз деп сендіріп отыр. Әлі ақша бөлінбегендіктен, құрылысты өз ақшаларына бастап кеткен.
«Жобаның нақты құны салынып біткенде шығады. Қазір шамамен, 5 млрд теңге деп есептедік. Бірақ біз open book форматында жұмыс істеп, өз құнын ғана шығарамыз. Табыс таппаймыз. Тіпті, егер ақша артылып қалса, мемлекетке қайтарып береміз. Бізді тендер әділетсіз ойнатылды деп кінәләғандар да бар. Коронавирус арқылы ақша табу ниетіміз жоқ, қажет болса құрылыс басына аудиторларды әкеп отырғызып қоюға дайынбыз», - деді А.Омаров әлеуметтік желідегі компанияға қарсы жазылған айыптаулар жайлы.
Компания мұндай жазба авторларын жемқорлық жасады деп жала жапқаны үшін қылмыстық іс қозғауға Нұр-Сұлтанның Полиция департаментіне арыз берген. Реніш білдірген Bi Group-тың директорлар кеңесі төрағасы Айдын Рахымбаев та арнайы пост жазған еді. Қазір ол өзі де таңнан кешке дейін құрылыс алаңында. Бұл - елдегі мерзім жөнінен рекордтық жоба деп бағалайды.
«Әріптестерім үшін, командам үшін қуанамын. Себебі, жоба жетекшілері бұл жобадан ештеңе алмайды. Ал түрлі зауыттар күн сайын қолдау білдіріп, материалдарды арзан бағаға жеткізіп берейік деп қоңырау шалады. Бізге әзірге тек дауыл кедергі келтіруде. Кеше ауа райының әсерінен жұмысты тоқтатып қоюға мәжбүр болдық», - деп ой білдірді Айдын Рахымбаев.
Салынып жатқан нысан коронавирус пандемиясы аяқталғаннан кейін де инфекциялық аурухана ретінде жұмыс істей береді.
«Қытайдағы жедел салынған ауруханалардан айырмашылығы – олар модульдік госпиталь дайындады. Ал Ташкентте күн жылы болғандықтан, уақытша тұратын контейнерлер қойды. Біздің мақсатымыз – ұзақ уақытқа жарамды стационар салу. Оған Қазақстандағы технологиялар мүмкіндік береді», - деді бұл жайында Айдын Рахымбаев.
Айта кетейік, коронавирус жұқтырғандар жататын аурухана Алматы, Шымкент қалаларында да салынады. Алматыдағы нысан 280, Шымкенттегісі 200 орынға арналған.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан