«Оның жұбайын танымаймын»: Руслан Берденов күдіктінің сотта айтқандарын бопсалау деп бағалады
Берденов бүгінгі мәлімдемелердің бәрін жоққа шығарды

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденов сотқа неге қатыса алмағанын айтып, бүгін айтылған мәлімдемелерге қатысты пікірін жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қазір денсаулығыма және бес оқ жарақатынан кейінгі оңалту кезеңінен өтіп жатқаныма байланысты сот отырыстарына жеке қатысуға мүмкіндік жоқ. Алайда сот процесін және оған қатысты ақпараттық кеңістіктегі ахуалды мұқият бақылап отырмын. Сотта жауапкер Жиенбай тарапынан айтылып жатқан мәлімдемелерге үнсіз қалу мүмкін емес. Бұл тек қана бопсалау және қысым көрсету әрекеті. Соңғы рет мен оны сол күні, дәл өзі аңшы мылтығынан атып кеткен кеште көрдім. Одан кейін бізде ешқандай байланыс болған жоқ», - дейді Берденов.
Оның айтуынша, кейінірек Ернар Жиембай өкілдерімен бірге қорғаушыларымен байланыс орнатуға тырысып, «достасуды» ұсынған.
«Кешірім берілсе, шу көтермейміз деді, ал бас тартқан жағдайда «ақпараттық жарылыс» жасаймыз деп сес көрсетті. Тіпті, айыпталушының әкесі өзін-өзі өртейді деген мәлімдеме жасалатынын айтты. Мұны мен тікелей қысым деп бағалаймын. Мен қандай да бір қысым мен арандатуға жол бермедім. Бастапқы ұстанымым өзгерген жоқ. Қақтығыстың түп-төркіні - кәсіби, қызметтік сипатта. Жауапкер келісім аясындағы жұмысын адал атқарғысы келмеді, есеп беруден жалтарды. Мен тек ашықтық пен міндеттемелердің орындалуын талап еттім. Ал қоғам назарын «қызғаныш», «жеке қатынас», «жұбайы» секілді жалған себептерге бұру - манипуляция, шындықтан алыстату. Мен оның жұбайын да, отбасын да танымаймын. Ол мен үшін тек мердігер болатын», - деді Берденов.
Әкімнің орынбасары күдікті іске қала әкімін де араластырып, қоғамға қысым көрсетіп жатыр дейді.
«Бұл тағы да істің ақиқатқа емес, қысым көрсету мен беделге нұқсан келтіруге бағытталған өрескел манипуляция екенін дәлелдейді. Мен мұндай мәлімдемелерді үзілді-кесілді жоққа шығарамын және оларды мойындамаймын. Менің ұстанымым - өзгермейді. Депутаттық өкілет мерзімі аяқталған соң да, мемлекетке адал қызмет ету жолынан тайған жоқпын. Соңғы үш жылымды осы жолға арнадым. Қала әкімінің шақыруымен әкімдікке келіп, ашық, адал жұмыс істеуге, халыққа шынайы көмек көрсетуге күш салдым. Мен сайлауға барып, елімді жақсартқым келді. Менің артымда елімізге, өзгерістерге сенетін жастар тұр. Бұл - үлкен жауапкершілік, мен оны сезінемін. Әкімдіктегі жұмысым да осы сенімді ақтауға бағытталған. Маған қарсы айтылған жала, жапқан жалған айыптар мені жолымнан тайдырмайды. Әлі де әділетті, ашық сотқа сенемін», - дейді ол.
Берденов осы постының астына рентгеннің суретін салып, денесінде әлі де аңшы мылтығының 60-тан көп қорғасыны жүргенін көрсеткен.
«Соттағы жоқтығымды, үнсіздігімді өздеріне тиімді жағына бұрып, қоғамдық пікірмен ойнағысы келетіндер бар. Бірақ үнсіздік келісім деген сөз емес. Мен әділетті сотты күтіп отырмын», - дейді Руслан Берденов.
Бүгін Шымкент қаласында Берденовке үш мәрте оқ атқан Ернар Жиембайға қатысты сот отырысы өтті. Онда күдікті Руслан Берденов әйелімнің суретіне лайк басты дейді. Осы және өзге де факторлар қызғанышын оятып, Берденовті қорқыту үшін оқ аттым дейді ол.