Биыл түлектердің 77 пайызы ҰБТ-ны қазақ тілінде тапсырған – сенатор
Ал биыл 1-сыныпқа қабылданған 340 мың баланың 70 пайызы қазақ мектебіне барған

2025 жылы мектептегі 1-сыныпқа 340 мың бала қабылданса, солардың 70%-дан астамы – қазақ тілінде білім алушы. Ал осы жылы мектеп бітірушілердің 77%-ы Ұлттық бірыңғай тестілеуді қазақ тілінде тапсырған. Бұл туралы «Egemen Qazaqstan» газетіне жариялаған «Ұлттың жаңа болмысы: Бірегейліктің бүгінгі бейнесі мен болашағы» атты мақаласында сенат депутаты Дархан Қыдырәлі айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, ұлттық бірегейліктің философиялық концептуализация мен күнделікті өмірдегі көрінісі туралы айтпай кетпеуге болмайды. Әдетте бұны адамдар күнделікті өмірден алшақ идеялар деп ойлағанымен, олардың бәрі түрлі әр адамның күнделікті өмірін бағыттайтын фундаменталды бағдарлама іспетті. Осылай деген ол «Таза Қазақстан» акциясын еске алды.
«Сондықтан ұлт ісінде ұсақ нәрсе болмайды. Ол ұраншылдықпен де атқарылмайды. Әрбір азамат күнделікті өмірінде адалдыққа, тазалыққа, білімге, үнемшілдікке, еңбекке ұмтылса, қоғамның да кеселден арылып, жаңа сапалық деңгейге көтеріле беретіні анық. Бұл ретте Президенттің «Таза Қазақстан» бағдарламасына айрықша тоқталып өткен жөн. Бұл жердегі сапа категориясы – тек нарықтық қатынастағы әр адамға тағылатын бір маркер емес, керісінше, адам болмысындағы базалық қасиеттердің өмірдегі көрінісі. Өз кезегінде бұл сапалық деңгей азаматтық бірегейлікті нығайта түседі. Жалпы, қазір қазақстандықтар арасында азаматтық бірегейлік қалыптасып, оған деген сұраныс бар екенін көре аламыз. Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының зерттеуіне (2022) сәйкес азаматтардың 36,8%-ы азаматтық басқа бірегейлік формаларын (діни, этностық, кәсіби, т.с.с) жоғары тұратынын айтқан. Яғни азаматтар арасында азаматтық құндылықтар басым. Осы ретте Мемлекет басшысы қоғамда ұлтына қарай ерекшеленуге, оқшаулануға ұмтылған кез келген әрекетке, азаматтарды тіліне, ұлтына, дініне немесе мәдениетіне бола арандатуға, яки кемсітуге мүлде жол бермейтін орта қалыптастыру маңызды екенін айтқаны белгілі», - деп жазған сенатор.
Ұлттық бірегейліктің компонеттері мен қолданбалы аспектілері аз емес деген ол «солардың ең бастысы – ортақ мүдде. Қасым-Жомарт Кемелұлы біздің қоғамды ортақ идеалдар мен құндылықтар біріктірген еркін әрі жауапкершілігі мол азаматтардың одағы деп санайды. Бұл – жалпыұлттық бірегейлігіміздің тағы бір жарқын көрінісі. Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде азаматтарымыздың бәрі өздерін үлкен әрі біртұтас қазақ отбасының, шын мәнінде, қазақ ұлтының мүшесі сезінеді» дейді.
«Ортақ мүдде сөз болғанда, ортақ арман туралы айтпай кете алмаймыз. Ғалымдар әдетте «америкалық арман, қытайлық арман» сияқты мысалдар келтіріп жатады, біз Алаш аңсарына тоқталмақпыз. Алаш аңсары бастауын ықылым замандардан алады. Мәселен, іргелі мемлекеттер құрған ғұндар – Жерұйықты аңсады, көк түріктер Өтүкен туралы айтты, Ұлық ұлыс – «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманды» армандады. Бұл ретте қазақ хандығы да Әбілқайыр мен Керей-Жәнібектің, яки Ақжол би мен Қобыланды батырдың өзара ренішінен туған жоқ; ол ыдыраған Алтын ордадан кейін есесі кетіп, еңсесі түсіп есеңгіреген елдің һәм Асан қайғы сынды тұлғалардың құтты қоныс Жиделібайсынды аңсауынан, арманынан құрылды. Ал ХХ ғасырдың басында Абай, Ахметтер «жұтылып кетпей, жұрт қатарына қосылуды» арман етті. Сондықтан озық ойлы біртұтас ұлтымыздың бүгінгі мұраты – болашағымыздың қалпы, бейнесі», - дейді ол.
Бірегейлік туралы айтқанда тіл тақырыбына тоқталмай өте алмаймыз. Бұл ретте қазақ тілі ұлттың өзін-өзі қорғайтын ішкі иммунитеті болғаны белгілі дейді ол.
«Әсіресе ХХ ғасырдың алпысыншы жылдары халқымыздың саны 30% төмен түсіп кеткенде ұлттың өзін-өзі сақтау механизмі іске қосылып, зиялы қауым бастап тілді қорғау майданына жұмылды. Өйткені «сөзі өлген жұрттың өзі де өлетін еді». Тәуелсіздік алған 90-жылдары бұл қорқыныш басыла қоймады. Бір жағынан қазақтың саны әлі 40%-ға жетпеген болса, екіншіден «үрей ішке түсіп кеткен еді». Біздіңше, қазақтың саны 70%-дан асқан, өзге бауырлас этностар мен қазақ тілін қолданушыларды қосқанда 80%-ға жақындаған осы тұста бұл парадигма өзгеріп келеді. Мемлекет басшысы айтқандай, қазақ тілі этносаралық, халықаралық тілге айналды. Еліміздегі демография да қазақ тіліне жұмыс істеп жатыр. Мәселен, 2025 жылы мектептегі 1-сыныпқа 340 мың бала қабылданса, солардың 70%-дан астамы – қазақ тілінде білім алушы. Ал осы жылы мектеп бітірушілердің 77%-ы Ұлттық бірыңғай тестілеуді қазақ тілінде тапсырған. Деректер көрсетіп тұрғандай, мемлекеттік тілдің дамуында демографиялық күштің үлкен екенін айқын байқауға болады. Жалпы, ұлт болып ұйысу үдерісіндегі демографиялық драйв үлкен әсер етуші қуатқа ие екені белгілі. Алдағы декададағы саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени құбылыстарға белсенді қатысушы миллениал (1984–2000), Z-ұрпақ (2000–2015) және Альфа ұрпақ (2011/15-қазірге дейін) өкілдері Қазақстан халқының 67%-ын құрап отыр. Бұл тренд алдағы онжылдықта әлі де өз динамикасын сақтайды», - дейді ол.