«Жанарына дейін күйіп қалған»: Өскемендегі «Қазцинк» қызметкерінің денесін 90 пайыз күйік шалғаны белгілі болды (ВИДЕО)
Ол қазір аса ауыр хәлде ауруханада жатыр
Бүгін «Қазцинк» зауытындағы жарылыс кезінде жараланған екі қызметкер ауруханада жатыр. Олардың біреуінің денесінің 90 пайызын күйік шалғаны белгілі болды. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысы мамандандырылған медициналық орталығының бас дәрігерінің міндетін атқарушы Мұрат Нұрбикенов мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, ауруханаға алғашқы қоңырау «103» қызметкерлерінен түскен.
«Таңғы сағат 08.30-да жедел жәрдемнен біздің ауруханаға қоңырау түсті. Олар жаппай жараланғандарды әкеле жатырмыз деді. Таңғы 08.40-да аурухананың қабылдау бөлімінде шұғыл бригада құрылды. Оның ішіне реаниматолог, травматолог, комбустиолог кірді. Алғашқы жараланғандар 08.45-те түсе бастады. Бірінші 5 адам түсті. Оның төртеуі ер адам, біреуі – әйел адам. Оларды толық тексеруден өткізіп, қан сараптамаларын алдық. Үшеуінің жарақаты жеңіл болған соң, оларды үйіне қайтардық, қалған екеуін жатқыздық. 1980 жылы туған бір ер адамның жағдайы аса ауыр, оның денесінің 90 пайызын күйік шалған. Оның терісі, ішкі органдары мен өңеші және көзіне дейін күйіп кеткен. Шок жағдайында түсті. Оған шұғыл көмек көрсеттік. 1974 жылы туған тағы бір ер адамның омыртқасы сынған. Оны травматолгия бөліміне жатқыздық», - дейді ол.
Мұрат Нұрбикеновтің айтуынша, дәл осы орталыққа басқа жараланғандар түспеген.