Банкке 45 млрд теңге «қарыз болып қалған» жалғызбасты әйел Жоғарғы соттан араша сұрайды
Жауапкер қарыздың қайдан шыққанын білмейді
Алматыда жалғызбасты әйел адам сенгісіз жағдайға тап болғанын айтып шағымданды. Сот Зебихон Қадырова банк алдында 45 млрд теңге қарыз деген шешім шығарған. Өз басынан өткен оқиғаны Azattyq Rýhy тілшісіне баяндаған 44 жастағы әйел мәселеге қоғамның назар аударғанын қалайды. Жарты жылдан бері сот табалдырығын тоздырған «борышкер» құзырлы мекемелердің салғырттығынан зардап шегіп отырғанын айтады.
Зебихон Қадырова «Казкоммерцбанк» акционерлік қоғамынан 5 млрд 200 млн теңге несие алып, оны енді 45 млрд 121 млн теңге көлемінде қайтару туралы талап арызды көргенде, төбесінен жай түскендей күй кешкен. Әйел былтыр желтоқсанда Медеу аудандық сотында өтіп жатқан іс туралы бұрынғы әріптестерінен естиді. Талап арыз беруші «Проблемалық кредиттер қоры» акционерлік қоғамы бұл іс бойынша 2 заңды, 3 жеке тұлғамен бірге Қадырованы да жауапкер ретінде сотқа берген.
Суретте: Зебихон Қадырова
«Мен үшінші сот отырысына өзім бардым. Маған ешкім құлақтандыру жіберіп, сотқа шақырмады. Бұрын бірге жұмыс істеген әріптесім менің телефоныма хабарласып, осы іске тартылып жатқанымды айтты. Содан соң сот барысында Проблемалық кредиттер қорының өкілінен келісімшарттың түпнұсқасын сұрадым. Ол ашып көрсетті. Сол кезде менің фамилиямның тұсында қолым жоқ екенін көрдім. Сол қордың адамы менің қолым жоқ екенін өзі де бірінші рет байқап тұр. Бұл ненің белгісі? Кредиттік желіге байланысты қосымша келісімшартқа менің ешқандай да қол қоймағанымды, қаржыны алмағанымды зерттемей, сотқа келген. Сонда мен «Кінәмді дәлелдеңіздер!» дедім. Ол үндеген жоқ.
Бұл айтып тұрғанымның бәрінің сотта бейнежазбасы бар. Медеу аудандық сотының судьясы Ахметова соның бәрін көріп тұр. Сот қазысы «Шынымен қолыңыз жоқ па?» деп менен сұрады. Ол да құжаттарды зерттемеген. Мұның барлығы хаттамада көрсетілді. Сөйтіп мен үшінші процеске ғана қатыстым. Келесі төртінші сот отырысында іс жабылды деді. Ол 27 желтоқсан 2019 жылы еді. Бір айдан соң, яғни биыл ақпан айында сот қаулысын қолыма алсам, Қадыровадан 45 млрд теңге негізгі қарыз, қосымша 1,5 млрд теңге баж салығын төлесін деген шешім шығыпты. Жалпы сомасы 46 млрд теңге болды»,- дейді жауапкер.
Скриншот. Медеу аудандық сотының қаулысы
Сот шешімін көрген соң жауапкер адвокат жалдап, Алматы қалалық сотына апелляциялық шағым түсірген. Бірақ істі онлайн режимде қайта қараған қалалық сот алқасы Медеу аудандық сотының шешімін өзгеріссіз қалдырады. Сот қаулысына сәйкес, «Казкоммерцбанк» пен жеке серіктестік арасындағы несиелік келісімшарт бойынша З. Қадырова да қосымша борышкер ретінде келісімшартқа енген. Ол 19.08.2010 жылы жасалған қосымша келісімшарт бойынша жер телімін сатып алу үшін банктен қарыз алғандар тізіміне кіреді. Алайда, Қадырова дәл осы келісімшарт жасалған мезгілде Қазақстанда болмағанын айтып отыр. Ол ҚР ҰҚК Шекара қызметінің арнайы анықтамасын сұрау салдыру арқылы алдырған. Ол жерде З. Қадырова 23.07.2010 жылы «Қапланбек» посты арқылы Өзбекстан аумағына өткені туралы, сондай-ақ бұл елден 23.09.2010 жылы ғана кері қайтқаны көрсетілген. Өзінің айтуынша, әйел осы кезеңде көрші мемлекетте тұратын ата-анасына барып қайтқан.
«Медеу аудандық сотының қаулысында мен туралы екі жол жазба жүр. Онда судья Ахметова менің қолым жоқ екенін көрсеткен. Бірақ қарызды өндірушілер тізіміне мені де қосып қойған. Енді қалалық сотқа барғанда менің адвокатым Талғат Мылтықбаев тыңғылықты дайындалып, кез келген құжатта адамның қолы болуы қажет екенін дәледейтін баптарды келтіріп, талап арыз дайындадық. Қалалық сот алқасы онлайн режимде өтті. Бізге көп сөйлемеңдер деп ескертті. Байланыс өте нашар болды. WhatsАpp арқылы бір сөзі естілді, бір сөзін естіген жоқпыз. Мен де өз дәлелдерімді келтіріп сөйледім. Сонда судьялар кеңесу бөлмесіне кетті де, бес минуттан соң қайта оралды. Ақырында аудандық соттың шешімін өзгеріссіз қалдырды.
Ендігі жалғыз үмітім – Жоғарғы сот болатын. Ол жаққа шағым түсірейін десем, борыш сомасының 1 пайызын мемлекетке баж салығы ретінде төлеуім керек екен. Оның сомасы 450 млн теңге шығып тұр. Ол қаржы менде қайдан болсын!? Осы жерге келгенде тығырыққа тірелдім. Депутаттарға, Президент әкімшілігіне, Үкімет басшысының атына хат жолдадым. Бірақ жауап жоқ»,- дейді үміті үзілген әйел.
З. Қадырова 2008 жылдан бастап 4 жыл бойы жеке компаниялардың бірінде заңгердің көмекшісі болып жұмыс істегенін айтып отыр. Ол кезде банктен де, өзге де қаржы ұйымдарынан ешқандай қарыз алмағанын және құжаттарға қол қоймағанын айтады. Бұл мәселеге қатысты «Қазақстан Проблемалық кредиттер қоры» да өз позициясын білдірді. Azattyq Rýhy ақпарат агенттігінің сауалына жазбаша жауап қайтарған қор өкілдері сот барысында барлық тараптарға құжаттармен танысуға мүмкіндік жасалғанын айтады.
«Істі сотта қарау барысында Қор өкілдері тиісті құжаттардың барлығын ұсынды. Түпнұсқамен сот процесі кезінде барлық қатысушылар, соның ішінде Қадырова З. Х. да өз адвокатымен бірге танысты. Қор тарапынан жауапкерлердің ҚР Конституциясы мен өзге де заңдарында қарастырылған құқықтарымен және тиісті құжаттармен танысуына кедергілер келтірілген жоқ. Медеу аудандық соты біздің талап арызымызды саралап, 25.12.2019 жылы борышкерлердің барлығынан, соның ішінде Қадырова З. Х.-дан да қор алдындағы қарызды толық көлемде өтеуге шешім шығарды»,- делінген «Қазақстан Проблемалық кредиттер қоры» АҚ хабарламасында.
Зебихон Қадырованың айтуынша, Медеу аудандық сотының қаулысында оның табысының 50 пайызын ұстап қалу туралы шешім де бар. Қазір баласын жалғыз асырап отырған әйел құрылыс компаниясында жұмыс істейді. Бірақ сот орындаушылар жалақысының жартысын алып қалады. Одан тыс, ипотекаға алған пәтеріне қаржы төлейтін есепшоты да бұғатталған. Енді ол жалғыз баспанасынан айырылып қаламын ба деген үреймен күн кешіп отыр.
Ашықтама үшін: Проблемалық кредиттер қоры 2012 жылы жұмыс істемейтін активтерді сатып алу арқылы екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсарту, сауықтыру және сату арқылы сатып алынған активтерді экономикалық айналымға таратумен айналысу үшін құрылған болатын.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы