Айман Қожабекқызы өкпелемесін, бірақ ғимараттың шатырынан су ағып, тоз-тозы шыққан – Аида Балаева
Бұл туралы ол «Айқын» газетіне берген сұхбатында айтқан

«Айқын» басылымы мәдени саладағы өзгерістер мен жетістіктер жайлы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаевамен сұхбаттасқан. Мәдениет саласындағы кадр саясаты туралы сұраққа жауап берген министр Астанадағы Өнер университетінің басшылығына қатысты пікірін айтқан, деп жазады Azattyq Rýhy.
«Мәдениет саласындағы кадр саясатына сын айтушылар көп. Бұған не дейсіз?» деген журналистке министр ауқымды жауабын ұсыныпты.
«Қай мекемеге кім тағайындалса да, ең алдымен ол кәсіби жағынан толыққанды дайын, басқарушылық қабілеті жоғары, салаға жаны ашитын тұлға болуы керек. Өйткені бірінші басшы – жай ғана іс-шара ұйымдастырып, есеп беріп отыратын адам емес. Ол – сол ұйымның бағытын айқындайтын, даму стратегиясын жасап, соны жүзеге асыратын негізгі жауапты тұлға. Басшының функциясы тек мәдени жобалармен шектелмейді. Ол мекеменің жалпы тыныс-тіршілігіне, шығармашылық ұжымның жағдайына, тіпті ғимараттың техникалық жағдайына дейін толық жауап береді. Кадр саясаты, бюджет пен жоспарлау, жөндеу жұмыстары, материалдық-техникалық база – мұның бәрі сол басшының күнделікті назарында болуы керек. Тек бірреттік мерекелік іс-шаралар емес, мазмұнды әрі тұрақты жобалармен жұмыс істейтін уақыт келді», - деген министр.
Балаеваның айтуынша, жуырда министрлікке қарасты 71 ведомстволық ұйымның қызметкерлерін «Бірыңғай кадрлық ақпараттық жүйеге» қосқан кезде мың жарымға жуық қызметкердің қатарынан бірнеше мекемеде жұмыс істеп, тіпті бес айлық мөлшерде ақы алатыны белгілі болыпты. Бұдан өзге әртүрлі ұйымдарда жасы 90-ға таяған 1 200-ге зейнеткер түрлі лауазымдарды атқарып жүргені анықталған екен.
«Бұдан басқа, өзге қалада немесе шетелде негізгі жұмыста істеп, біздің мекемелерге жұмысқа келмесе де, сырттай айлық алып отырған қызметкерлер де бар болып шықты. Біз мұны реттейміз. Біз былтырдан бері әр мекеме алдына нақты KPI-лар қойып, сонымен мекеме қызметін бағалауды жүзеге асырып жатырмыз. Әрине, біз зейнет жасындағы мәдениет қайраткерлерінің еңбегіне құрметпен қараймыз. Бірақ заң мен тәртіп бәріне ортақ. Ертең маған кей азаматтар ренжуі мүмкін. Дегенмен үлкен өзгерістердің жолы қашанда ауыр. Біз саланың дамуы үшін үлкен қадамдарға, кейде құрбандыққа баруға мәжбүрміз. Олай жасамасақ, бір белестен екінші белеске қалай өтеміз? Қарапайым ғана жұмыс таппай жүрген жастарға қашан жол ашамыз?», - дейді Балаева.
Кадрлық ротация туралы ойын ары қарай жалғастырған ол кез келген мекеменің дамуына тың көзқарас пен басшылық тарапынан ұдайы қолдау қажет дейді.
«Алайда бұл – жалғыз шешуші фактор емес. Біз мәдени мекемелерді 30-40 жыл басқарып, уақыт талабына сай дамытып отырған талай тұлғаны білеміз. Мәселен, Айман Қожабекқызы Қазақ ұлттық өнер университетінің қалыптасуы мен дамуына үлкен үлес қосты. Бірақ соңғы жылдары университет жұмысы тұралап, құлдырай түскенін көрдік. Айман Қожабекқызы өкпелемесін, бірақ осы жылдар ішінде оқу орнының шатырынан су ағып, ғимаратының тоз-тозы шыққан. Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен ғимарат жаңарып, жаңа оқу жылын жаңа орында бастағалы отырмыз. Университетке қарасты басқа да ғимараттардың жағдайы өте күрделі. Президент тапсырмасымен енді біз колледжді де жаңарту мақсат етіп отырмыз», - деп жауап берген министр.