$ 531.96  622.45  6.79
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Тарихшы қазақ халқының топырақ салу дәстүрі қайдан шыққанын және оның мәні неде екенін түсіндірді

Қазақ халқы болмысын сақтау үшін ұлттық құндылығын берік ұстанып келеді

Тарихшы қазақ халқының топырақ салу дәстүрі қайдан шыққанын және оның мәні неде екенін түсіндірді
Фото: жеке мұрағат

Қазақ халқының болмысы – ғасырлар қойнауынан тамыр тартқан салт-дәстүрі, тілі мен рухани құндылықтарында көрініс табады. Ұлттың тарихи жады мен мәдени коды осы мұралар арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Мемлекеттік саясат та ұлттық болмыс пен салт-дәстүр, қазақ халқының ұлттық бірегейлігін сақтап қалуға бағытталған.

Осы орайда жас тарихшылардың бірі Әлішер Алдонғар қазақ халқының қандай дәстүрлері ғасырлар бойы өзгермей сақталып келе жатқанын Azattyq Rýhy тілшісіне берген сұхбатында айтып берген еді.

Оның айтуынша, қазақ халқының салт-дәстүрлерінің ғасырлар бойы сақталуы – ұлттың терең мәдени және этникалық жадымен тығыз байланысты. Қазақ деген ұғым тек этностық атау емес, ол еркіндік пен рухани еріктіліктің символы. Ол ұлттық шеңберден де биік тұратын болмыс.

«Қазақ мәдениетінде аманат ұғымы ерекше орын алады. Аманат – тек заттық құндылық қана емес, рухани және мәдени мұра. Ата-бабаларымыз ұрпаққа байтақ даласын, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын аманат ретінде қалдырған. Қазақ халқы табиғатпен үндестікте өмір сүрген халық. Ата-бабаларымыз жерді, суды, шөпті ерекше құрметтеген. Мысалы, көк шөпті жұлмау, өзен-көлдерді ластамау, оларды киелі санау салт-дәстүріміздегі гуманизмнің айқын көрінісі. Яғни, қоршаған ортаға деген жауапкершілікті ұрпақ санасына сіңірген тәрбие жүйесі», - дейді тарихшы.

Маман атағандай, қазақтың болмысы оның табиғатқа деген қарым-қатынасында, өмір сүру салтында көрініс табады. Бұл қасиеттер ұлттық сана мен дәстүр арқылы ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келеді.

«Қазақ халқының тарихы ғасырлар бойы ауызша тарих арқылы беріліп отырған. Ата-бабаларымыз жырлар, мақал-мәтелдер мен аңыз-әфсаналар арқылы тарихи оқиғаларды, ұлттық дүниетанымды, өмірлік ұстанымдарды жеткізген. Яғни,  oral history деп аталатын ерекше дәстүр. Салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, сана-сезімін жоғалтқан халықтың өзі де біртіндеп жоғалады. Сондықтан қазақ халқы өз болмысын сақтау үшін ұлттық құндылықтарын берік ұстанып келеді», - деді ол.

Әлішер Алдонғардың пайымынша, қазақ халқындағы топырақ салу дәстүрінің түп-тамыры тереңде жатыр.

«Археологиялық зерттеулерге сүйенсек, бұл рәсім көне түркі және сақ тайпаларының жерлеу салттарымен сабақтас. Мәселен, Шығыс Қазақстан өңірінен табылған қазба деректерінде сақ тайпаларының өлікті жерлеу кезінде марқұмның басына бір-бір жылқыдан құрбандыққа шалып, жерлегені туралы мәліметтер кездеседі. Басқа бір деректерде қайтыс болған кісінің басына асық тастау рәсімі жасалғаны да айтылады. Бүгінде қазақ халқы жерлеу рәсімі кезінде топырақ салу дәстүрін сақтап келеді. Бұл – ата-баба дәстүрін жалғастырудың, марқұмға құрмет көрсетудің бір белгісі», - дейді ол.

Тарихшының айтуынша, қазақ халқының салт-дәстүрлері сырттан келген қандай да бір саяси немесе рухани ықпалдарға қарамастан, өз болмысын жоғалтқан жоқ.

«Себебі бұл дәстүрлер – ұлттың генетикалық жадында, санасында және қанында сақталған терең рухани негізге сүйенеді. Қандай ағым немесе ықпал келсе де, қазақ халқы өз дәстүрі мен болмысынан танған емес. Бұл – рухани тұрақтылықтың және тарихи сабақтастықтың дәлелі», - дейді ол.

Сондай-ақ тарихшы халық арасында ескірген, қазіргі заманға сай кенде қалуы тиіс салт-дәстүр де жоқ емес екенін айтады.

«Қазақта «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деген тағылымды сөз бар. Бұл дегеніміз - ұлттың уақытпен үндесе алатын даналығын көрсететін нақыл. Бүгінде қазақ қоғамы дамудың жаңа кезеңінде тұр: адами капиталды дамыту, технологиялық прогресті игеру секілді басым бағыттар алға шықты. Мұндай кезде кейбір дәстүрлерге сын көзбен қарап, заман талабына сай жаңғырту қажеттілігі туындайды. Қазіргі той өткізу дәстүрі қоғамда жиі пікірталас тудырып жүр. Кейбір тойларда астамшылық пен ысырапшылдық белең алған. Шетелдік сирек тағамдарды, мысалы, акула етін әкеліп, аста-төк дастарқан жасау секілді көріністер ұлттық құндылыққа емес, бәсекелестікке айналып кеткендей», - дейді ол.

Алдонғар атағандай, бұл жағдай тек қаржылық шығын емес, қоғамның дамуына қажетті ресурстарды тиімсіз пайдалану ретінде де сынға түсіп жатыр. Мұндай ысырапшыл әрекеттер ұлттық дәстүрдің мәнін бұрмалауы мүмкін.

«Кейбір ескірген салт-дәстүрлерден арылу – бұл ұлттық болмысқа қарсы шығу емес. Керісінше, бұл – дәстүрді қайта тірілту, оны мазмұндық тұрғыдан жаңарту. Жаңғыртылған дәстүр – заманауи қоғамның талабына сай, мән-мағынасы сақталған рухани негіз болып қала береді.Қазақ халқының ең озық дәстүрлерін сақтай отырып, тозығын елеп-екшеп, жаңа мазмұнмен толықтыру уақыт талабы», - дейді тарихшы.

Маман қазақ қоғамындағы тарихи сананы қалыптастырудың басты жолы өткеннен қалған рухани және материалдық құндылықтарды заман талабына сай қайта жаңғырту екенін айтты.

«Ол ұлттың өз болмысын, тарихи тамырын танып, соны жаңа буынға жеткізудің тиімді әдісі. Тарихты жаңғырту тек еске алу емес, оны заманмен үндестіріп қайта ұсыну. Ол үшін ең алдымен кітап шығару ісін, баспагерлікті дамыту қажет. Себебі жазба мұра – ұлттың жадын сақтаудың берік құралы. Бүгінде елімізде қазақ тілді аудитория күн санап артып келеді. Осы аудиторияның мәдени сұранысын қанағаттандыру үшін отандық киноиндустрияны дамыту аса маңызды. Соңғы жылдары Алаш зиялылары, Қазақ хандығы туралы терең тарихи фильмдердің түсірілуі – қуантарлық жағдай. Сонымен қатар, Жошы хан жайындағы жаңа кино жобаның әзірленуі де тарихи таным мен сана қалыптастыруда ерекше маңызға ие. Мұндай шығармалар – көркем туынды ғана емес, ұлттық сана мен рухани болмысты жандандырудың қуатты құралы», - деді ол.

Тарихшының айтуынша, қазақ халқы өткен тарихын, бабаларының қандай істер атқарғанын терең білуі керек. Сонда ғана бүгінгі қоғам өзінің кім екенін, болашағы қандай болуы керектігін дұрыс түсіне алады.

Айта кетейік, тарихшы Әлішер Алдонғардың тарихи санаға қатысты айтқан пікірін келесі материалда жариялаймыз.

Серіктес жаңалықтары