Енді Қазақстанда сапасыз жол салғандар түрмеге түседі
Ұйымдар кәсіби мамандарды штатқа алуға міндеттелді

Қазақстанда автожолдарды салу және пайдалану саласындағы заңнамаға өзгеріс еніп жатыр. Енді жол құрылысы жұмыстары барысында техникалық және авторлық қадағалау талаптары күшейеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Автожолдардың құрылысы мен жөндеуін қадағалайтын ұйымдар жол құрылысы саласындағы кәсіби мамандарды штатқа алуға міндетті. Бұған дейін аккредитация алу кезінде бұл талап міндетті болып саналмаған. Жаңа өзгеріс бақылау сапасын арттыруға және жол жөндеу жұмыстарының қолданыстағы нормативтер мен стандарттарға сай болуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Сонымен қатар, қадағалаушы мамандардың құқықтық жауапкершілігі де күшейтілді. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңның 1-бабына енгізілген түзетулерге сәйкес, техникалық және авторлық қадағалау жүргізетін тұлғалар мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті адамдарға теңестірілді. Бұл олардың қызметін тиісінше орындамаған жағдайда қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын білдіреді.
Қабылданған шаралар еліміздің автожол инфрақұрылымының сапасын арттыруда маңызды кезең болмақ.