$ 540.87  632.01  6.76
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
02.07.2025, 15:57
Қоғам

Семей тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету жұмысы қалай жүріп жатыр

Семей тұрғындарының 94,7 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған

Семей тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету жұмысы қалай жүріп жатыр
Фото: istockphoto.com

Тұрғындардың өмір сапасы таза ауыз суға тікелей тәуелді. Осы ретте Семей қаласында ауқымды абаттандыру және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жұмысы жүріп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Күні кеше премьер-министр Олжас Бектенов елді мекендерді сумен қамтамасыз ету Үкіметтің басым міндеттерінің бірі екенін атап өтіп, өңір әкімдіктеріне жыл соңына дейін ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша қолданыстағы барлық жобаны іске қосуды тапсырған. Сондай-ақ ол сумен жабдықтау желілерінің тозу деңгейін одан әрі төмендету қажет екеніне назар аударып, ескірген коммуналдық инфрақұрылымды барынша жаңғыртып, жаңаларын салуға басымдық беру керек екенін айтқан болатын. Абай облысындағы Семей қаласында бұл жұмыс басталып та кетті.

Семейдің қай аудандарында су құбырлары тартылып жатыр?

Семей қаласы әкімінің міндетін атқарушы Бекжан Бапышев тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің жұмыс барысымен танысты.

Мәселен, қаладағы Сроства шағын ауданында Деповская көшесіне су құбырлары тартылып жатыр. Ауданда жалпы ұзындығы отыз сегіз шақырым болатын су құбыры жүйесі тартылмақ. Осы жұмыстың нәтижесінде Сроства тұрғындары алғаш рет орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылады.

Сонымен қатар соңғы бір айдың ішінде Нахаловка кентін ауызсу жүйесіне қосу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Бүгінде бесінші, алтыншы және екінші Щорс өткелдері, сондай-ақ Щорс, Широкая 1 және Широкая 2 көшелерінде су құбырын тарту жұмыстары толық аяқталды. Ал ұзындығы 750 метрді құрайтын Щорс көшесінің бір бөлігі мен Береговая көшесінің жартысында жұмыстар жалғасуда.

Барлық жұмыс бекітілген жобалық-сметалық құжаттама мен кестеге сәйкес атқарылып жатыр. Осы жоба толық аяқталған соң, Нахаловка кентінің тұрғындары орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылып, таза әрі үздіксіз сумен қамтылады.

Бекжан Бапышев, сондай-ақ, М. Жәлел көшесінде жүргізіліп жатқан кәріз құбырларын орнату жұмысымен танысты. Бұл жоба Семей қаласындағы кәріз желісінің өткізу қабілетін арттыруға бағытталған. Келесі нысан – Засядько, сексен сегіз тұрғын үйдің ауласы. Мұнда абаттандыру жұмысы басталған. Биыл қала көлемінде отыз бес аула жаңартылып, тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыру көзделген.

Семей қаласында халықтың 94,7 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған.

Айта кетері, бүгінде Абай облысында мемлекетке прокуратура органдарымен қайтарылған активтер есебінен он бес әлеуметтік жоба іске асырылып жатыр. Соның ішінде Семей қаласында су құбыры желілерінің құрылысын салу бойынша жеті жоба басталды. Жобаның мақсаты мыңдаған қала тұрғындарын халықтың денсаулығы мен әл-ауқатына тікелей әсер ететін ресурс – таза ауыз сумен қамтамасыз ету. Жобалардың іске асырылу барысын прокуратура органы бақылайды.

Серіктес жаңалықтары