$ 512.1  583.64  6.5
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
29.10.2019, 01:14
Қоғам

Адамдарға балалы болғаны үшін ақша төлеудің мәні бар ма

ВВС халық санын арттыру үшін адамдарға ақша төлеудің пайдасы бар ма деген сұраққа жауап іздеп көріпті. Azattyq Rýhy назарларыңызға аталған мақаланың қысқаша мазмұнын ұсынады

Адамдарға балалы болғаны үшін ақша төлеудің мәні бар ма
Фото: ашық дереккөзден

Бүкіл Еуропа бойынша бала туу көрсеткіші кеміген. Кейбір мемлекеттер бұл құбылыспен күресу үшін қаржылық шараларды қолға алған. Бірақ ақша көмектесе ала ма?

2013 жылдан бастап Финляндияның Лестиярви округында жаңа туған балаға он жыл бойы 10 000 еуро төленеді. Содан бері бұл жерде 60 бала дүниеге келген. Бұл жәрдемақыны алушылардың бірі Яника 48 жаста.

«Бірінші балам жәрдемақы енгізілгенде дүниеге келді. Біз екінші баланы жоспарлап жүрміз. Бірақ бұл шешімімізге ақша әсер еткен жоқ. Біз қызымыздың есейгенін күттік», дейді ол.

Финляндияда отбасылық бағдарламалар өте көп. Оның ішінде болашақ отбасыға арналған бастапқы капитал, әр балаға ай сайын төленетін 100 еуро жәрдемақы, әйелге бала тоғыз айға толғанша төленетін жалақының 70%-ы бар. Финляндияның Лестиярвиден басқа бірнеше округында да қаржылық қолдау енгізілген. Финляндия Еуроодақ бойынша мемлекеттік бюджеттен отбасылық жәрдемақыларға көп қаражат жұмсайды. Дегенмен, мемлекеттегі бала туу көрсеткіші артқан жоқ. Тіпті, басқа да Еуропа елдеріндегідей кеміп жатыр.

Сарапшылардың айтуынша, қаржы отбасыларды ынталандырғанымен, бэби-бум туғыза алмайды, себебі бүгінгі таңда адамдардың балаға деген қарым-қатынасы өзгерген.

Эстонияда соңғы он жылда бала туу көрсеткіші артқан. Бұған көпбалалы отбасыларды қолдау бағдарламасы әсер еткен болуы мүмкін. Мұнда 2017 жылы әр балаға ай сайынғы жәрдемақы енгізілген: бірінші балаға - 60 ​​еуро,  екінші балаға - 60 еуро, үшінші балаға -  100 еуро. Сонымен қатар мемлекет үш және одан да көп баласы бар отбасыларға ай сайын 300 еуро төлейді. Орташа есеппен үш баласы бар эстониялық отбасы айына 520 еуро алады.

Таллин университетінің демография профессоры Аллан Пуур бұған қаржылық қолдаудың әсер еткенін айтады.  

«Экономикалық мүмкіндіктер жақсы болған кезде бала туу көрсеткіші артады», дейді Аллан Пурр.

Францияда да мемлекеттік бюджеттен отбасылық бағдарламаларға көп қаржы бөлінеді. Мұнда бала туғанда 950 еуро бір реттік жәрдемақы төленсе, балалы адамдарға салықтық жеңілдіктер де қарастырылған. Дегенмен, Францияның демографиялық зерттеулер институтының аға ғылыми қызметкері Лоран Тулемонның айтуынша, бала туу көрсеткішіне қаржыдан гөрі отбасыға деген көзқарас көп әсер етеді.

Еуропада халық саны азайып жатқандықтан, отбасылық бағдарламалар болашақта да арта береді. Дегенмен, мәселе тек ақшада емес. Сарапшылар да, азаматтар да өмірге ұрпақ әкелу ақша үшін шешілетін мәселе емес екеніне сенімді.

Серіктес жаңалықтары