Нұр-Сұлтанда отбасы мүшелерінің коронавирус ошағына айналу жағдайы жиіледі
Елордада инфекция жұқтырғандардың 75%-ы – 18 бен 59 жас аралығындағылар

Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова елордада отбасы мүшелерінен коронавирус жиі табылып жатқанын айтты.
«Күн сайын бір отбасының екі, кейде 5-7 мүшесінен вирус анықтаймыз. Отбасылық мерекелер өткізу кезінде індет жұқтырғандар байқалды, бұған мүлдем жол беруге болмайды. Кейбір адамдардың жауапсыздығынан қауіпті вирус отбасындағы кішкентай балаларға, қарттар мен жүкті әйелдерге жұғып жатады. Тіпті COVID-19 диагнозымен түскен жүкті әйелдің жаңа туған сәбиінен коронавирус табылған кездер болды. Балаларды аналарынан бөлек ұстауға тура келді. Кейбір адамдар өз денсаулығын күтпесе де, жақындарын ойлауы тиіс. Тәжірибе созылмалы ауруы жоқ, дені сау адамның өзі коронавирус жұқтырып алуы мүмкін екенін көрсетіп отыр, ағза инфекциямен күресе алмаған соң жасанды желдету аппаратына қосуға тура келді. Мұндай жағдайда ешқашан өзін-өзі емдеумен айналысуға болмайды», – деді басқарма басшысы Сәуле Қисықова.
Басқарма басшысының айтуынша, Нұр-Сұлтанда жалпы инфекция жұқтырғандардың 75%-ы – 18 бен 59 жас аралығындағылар екен.
«Коронавирус пандемиясы басталғалы бері Нұр-Сұлтанда 2543 адам инфекция жұқтырды: 34 науқастың жағдайы ауыр, оның 12-сі өте ауыр жағдайда, өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған, 10 науқас індеттен көз жұмды. 1679 науқас (66 %) жазылып шықты», - деді ол.