Шымкентте медбикені зорлаған дәрігер 2,5 жылға сотталды
Бұл туралы Шымкент қалалық сотының баспасөз қызметі хабарлады

Шымкентте медбикені зорлады деп айыпталған дәрігер 2 жыл 6 ай мерзімге сотталды. Шымкент қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 9 маусымдағы қаулысымен Н.-ға қатысты Шымкент қаласының Әл-Фараби аудандық сотының 2019 жылғы 21 қазандағы ақтау үкімінің күші жойылып, жаңа айыптау үкімі шығарылды.
«Жаңа айыптау үкімімен Н.-ға ҚР Қылмыстық кодексінің 120-бабының 1-бөлігімен 2 (екі) жыл 6 (алты) ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы, ал ҚК-нің 121-бабының 1-бөлігімен 2 (екі) жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. ҚК-нің 58-бабының 2-бөлігін басшылыққа алып, онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға сіңіру арқылы Н.-ға түпкілікті 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», - делінген хабарламада.
Шымкент қалалық сотының хабарлауынша, Н.-ға қатысты қолданылған «ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат» түріндегі бұлтартпау шарасының күші жойылып, ол сот залынан дереу қамауға алынды.
Сонымен қатар, моральдық зиянды өтеу туралы жәбірленушінің қойып отырған азаматтық талап қою арызы сот алқасымен ішінара қанағаттандырылып, жәбірленушінің пайдасына сотталған Н.-дан 1 000 000 (бір миллион) теңге өндірілді.
Естеріңізде сала кетейік, 2019 жылдың қыркүйек айында Шымкент қаласында нефролог-дәрігер жұмыс орнында медбикені зорлады деген күдікке ілінген болатын.