Новости спорта, футбол, КПЛ

Көкшетауда коронавирус инфекциясының таралуына байланысты жаңа шектеулер енгізілді

Санитарлық талаптарды орындамаған кәсіпкерліктердің жұмысы мүлдем тоқтатылуы мүмкін

Көкшетауда коронавирус инфекциясының таралуына байланысты жаңа шектеулер енгізілді
фото: visitkazakhstan.kz

Ақмола облысының бас санитар дәрігері Айнагүл Мусина облыс орталығында шектеулерді күшейту туралы жаңа қаулыға қол қойды.

Өңірдегі жағдайдың ушығуына байланысты Ақмола облысындағы «Атамекен» ҰКП Ақмола облыстық филиалында шұғыл брифинг ұйымдастырылды.

Айнагүл Мусинаның айтуынша, шектеулер тұрғындардың санитарлық талаптарды сақтамауынан енгізіліп отыр. Соңғы бір тәулікте Көкшетау қаласында 5 адамнан коронавирус инфекциясы табылғаны расталған.

«Қаулыға сәйкес, бүгіннен бастап азық-түлік және азық-түлік емес тауарлар сататын сауда орындары бұрынғыдай сағат 10.00-ден кешкі 17.00-ге дейін ғана жұмыс істейді. Сондай-ақ, қоғамдық тамақтану орындарына сағат 22.00-ге дейін ғана рұқсат беріледі. Сыйымдылығы 50 адамнан аспайтын дәмханалардың жазғы алаңдарындағы арақашықтық кемінде 2 метр болуы қажет. Отбасылық, ұжымдық, салтанатты шаралар мен семинарлар, басқа да шараларды ұйымдастыруға тыйым салынады», - деді Айнагүл Мусина.

Жалпы, бекітілген тізімге сәйкес, барлық нысандардың жұмыс істеуіне рұқсат берілген. Дегенмен, аталмыш орындарда санитарлық талаптар қатаң сақталуы тиіс. Талаптарды орындамаған жағдайда, сауда орындары мен дәмханалардың жұмысы тоқтатылуы мүмкін.

«Өкінішке қарай, өңірде коронавирус инфекциясының таралу жағдайы жиіледі. Сондықтан бас санитар дәрігердің бекіткен барлық талаптар міндетті түрде орындалуы керек. Біз барлық кәсіпкерлерден санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды мүлтіксіз орындауын сұраймыз. Егер талаптар орындалмаған жағдайда шағын кәсіпкерлік субъектілеріне Әкімшілік кодекстің 462-бабының 3-тармағына сәйкес 100 айлық есептік көрсеткішке дейін, орта бизнес өкілдеріне 200 АЕК мөлшерінде және ірі өнеркәсіптер мен кәсіпорындарға 500 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Тіпті, кәсіпкерлердің қызметін тоқтатуға дейін жазаға тартылуы мүмкін», - деді «Атамекен» ҰКП Ақмола облыстық филиалының директоры Ақылбек Смағұлов.

Соңғы ақпаратқа сәйкес, Ақмола облысында 182 адамның коронавирус жұқтырғаны анықталды. Сондай-ақ коронавирус табылған 141 адам жазылып шықты.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.