$ 511.22  540.05  4.73
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
28.10.2019, 18:36
Қоғам

Алматыда автобус қағып өлтірген қыздың туыстары қайғылы оқиғаның куәгерлерін іздейді

Олар тергеу ісінің баяу жүріп жатқанына наразы

Алматыда автобус қағып өлтірген қыздың туыстары қайғылы оқиғаның куәгерлерін іздейді
Instagram әлеуметтік желісінен

Қайғылы оқиға 22 қазанда Төле би мен Байтұрсынұлы көшелерінің қиылысында болған. Сағат 15:10 шамасында жолдың шетінде тұрған Аружан Толыбайды №119 бағытта келе жатқан автобус қағып кеткен. Ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілген бойжеткен сол күні ес жимастан жан тапсырған еді.

1999 жылы туған Аружан Ғабитқызы Қазақ Еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясының 3-курс студенті. Заңгер мамандығы бойынша білім алған.

Бойжеткенді қағып мерт қылған автобус жүргізушісі марқұмның туыстарынан кешірім сұрамаған. Ал, тергеуші істің сотқа жетпеуі де мүмкін екенін түсіндірді дейді марқұмның туыстары.  

«Автобус жүргізушісі – 1991 жылғы Рүстем Күмісбаев телефонмен сөйлесіп келе жатқан. Жолдың шетінде тұрған сіңілім соққыдан бірнеше метрге ұшып кеткен. Тергеуші Айбек Иса істің ақ-қарасын анықтауға асықпай отыр. Тіпті, оқиға болған жерге 6 күн өтсе де бармаған. Сол маңдағы ғимараттарда 121 камера бар екен. Жазбалар тек үш күн ғана сақталып, жаңарып тұрады екен. Ертерек барып, бейнебақылау камераларынан көруге болар еді.  Бірақ, көрмеген. Енді уақыт өтіп кетті. Енді ол сараптамадан соң істің сотқа жетпеуі мүмкін екенін айтып отыр. Өйткені, оған істі қысқарта салу жеңіл болып тұр», - дейді марқұмның туысы Арайлым Толықбай.

Оның айтуынша, адам аяғы көп жүретін жерде куәгерлер болмауы мүмкін емес. Сондықтан жүргізушінің әрекетін, қайғылы оқиғаның қалай болғанын көрген адамдардың көмегі керек. Сол күнгі оқыс оқиғаның куәгерлері 8 (707) 851-40-51 номеріне хабарласса дейді ол.

Алматы қаласы Полиция департаментінің мамандары жәбірленушілердің қазіргі ісі асығыстық деп санайды.  

«Жүргізушіге айып тағылды. Оның үстінен ҚР ҚК 345-бабының 3-тармағы (Абайсызда адам өліміне әкеп соққан іс-әрекет) бойынша іс қозғалды. Барлық іс-шаралар заңның шеңберінде жүргізіліуде. Туыстарының күмәні негізсіз. Оқиға жақында ғана болған. Сотқа дейін сараптамалар мен басқа да тергеу амалдары жүргізіледі», - деп мәлімдеді Полиция департаменті баспасөз қызметінің өкілі.

Серіктес жаңалықтары