Автокөліксіз болашақ: қалаларда көлік қозғалысына тыйым салынса не болады?
ВВС Future қазіргі заманда қалаларды автокөліксіз елестетуге бола ма деген сұраққа жауап іздеп көріпті. Azattyq Rýhy мақаланың қысқаша мазмұнын ұсынады
Қала көшелерінде футбол ойнап жүрген балаларды, фотоға алаңсыз түсіп тұрған туристерді, көшеге қойылған мейрамхана үстелдерін елестетіп көріңіз. Айналада машина да, мотоцикл де, автобус та жоқ. Венеция дәл осындай әсер қалдырады. Кішкентай аралдарда салынған қала автокөліктерден қашпай жүруге мүмкіндік беретінімен де ерекше.
Соңғы жүз жылда автокөлік қала пейзажының негізгі бөлігіне айналды. Қала көшелері көліктерге еркін және жылдам жүруге мүмкіндік беретіндей кеңейтілді, тіпті, автотұрақтарға да көп орын белгіленді.
Автокөлік адамдардың қозғалысына революция ғана емес, ауаның ластануы мен жол-көлік апаты секілді проблемалар да алып келді. Сол себепті бүгінгі таңда көптеген қалалар автокөлік қозғалысына тыйым сала бастады. Соңғы бірнеше жылда Осло мен Мадрид қалаларының орталығында автокөлік қозғалысына тыйым салынды. Лондонда қала орталығына көлікпен кіру ақылы болса, Мехикода қаланың белгілі бір көшелерінде жүру мүмкіндігі көлік нөміріне байланысты болатын «pico y placa» бастамасы қолға алынды. Тағы бірнеше қалада автокөлік қозғалысына тыйым салынды (Мысалы, Испанияның Поневедро қаласы).
«Біздің басты мақсатымыз – көшелерді халыққа қайтару», - деді Осло қаласы мэрінің орынбасары Ханна Маркуссен.
Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін Осло орталығындағы көшелерде автокөлік қозғалысына тыйым салынып, автотұрақтар алынып тасталды. Оның орнына велосипед жолдары мен орындықтар, кішігірім саябақтар пайда болды.
Дж. Х. Кроуфорд – автокөліксіз қалаларды қолдайтын, осы тақырыпта екі кітап жазған ең танымал сарапшылардың бірі.
«Автокөлік қоршаған ортаның ластануы мен миллиондаған адамның жол-көлік апатынан қаза табуы секілді проблемалармен қатар әлеуметтік кеңістікке де зиян тигізеді. Автокөлік әлеуметтік қарым-қатынасты азайтады. Негізінен, қалалардағы ең танымал орындар – автокөлік жүрмейтін жерлер. Ал Хьюстон мен Даллас секілді америкалық қалаларда жердің 70%-ы автотұраққа берілген. Тұрғын үй дағдарысы жердің жетіспеушілігінен болады. Ал автокөліктен бас тарту бұл проблемаларды шешеді», - дейді ол.
Автокөліксіз қала. Бұл мүмкін бе? Бұған барлығы келісе ме? Ал құтқару қызметтері ше? Жаяу жүре алмайтын адамдар не істейді? Мегаполистерге жақын маңдағы дамып жатқан қала маңындағы қалашықтарға не болады? Біз қала ортасында жұмыс істеп, өмір сүргісі келетін жас ұрпақ арасында танымал идеяны барлығына таңып жатқан жоқпыз ба? Негізінен, автокөліктердің көп болуы қаланы жоспарлаудағы проблемамен байланысты болуы мүмкін емес пе?
Манчестер университетінің қалаларды жоспарлау бойынша зерттеушісі Рэнсфорд Ачимпонг автокөліктерге тыйым салу ауаны тазартып, адамдардың денсаулығын жақсартатынын айтады. Дегенмен, оның ойынша, автокөлікті алып тастау үшін оның альтернативасын да ұсыну керек. Қоғамдық көлік жақсы жұмыс істеп тұрғанымен, бүгінгі таңда басым көпшілік автокөліксіз өмір сүре алмайды.
Қытайдағы Чэнду қаласының маңындағы Үлкен қаланың бас жоспары мүлдем автокөліксіз өмірге лайықталған. 100 мың адамға арналған бұл қала бір шаршы шақырым жерді алып тұр. Дегенмен, бұл жоспар әлі жүзеге асырылмаған. Сонымен қатар Біріккен Араб Әмірлігіндегі Масдар-сити жобасы да автокөліксіз өмірге лайықталған. Бұл жаңа қалалар. Ал қазіргі қалаларды автокөліксіз өмірге лайықтау үшін не істеуге болады? Ханна Маркуссен Осло билігінің шешімін ұсынады.
«Біз алдымен көшеге көлік қоюға, одан кейін көлікпен кіруге тыйым салдық. Алдымен халық қабылдай алмады. Бірақ қазір автокөліктің тұрғанын елестете алмайды. Яғни, біз жобаны сынап көрдік, осылайша халыққа қандай өзгерістер болатынын көрсеттік», - дейді ол.
Сарапшылар болашақта бұл тенденцияның арта беретінін болжап отыр. Дегенмен, Еуропаның ескі қалалары автокөліксіз өмірге жылдам бейімделе алғанымен, автожолдармен бірге дамыған мегаполистерге бұл қиынға соғады.