$ 499.51  525.83  4.62
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
08.06.2020, 17:54
Қоғам

Қазақстанның бас санитар дәрігері міндетті вакцина туралы пікір білдірді

Айжан Есмағамбетова міндетті вакцина туралы айта келе, сал ауруына шалдыққан жиенінің жағдайын мысалға келтірді

Қазақстанның бас санитар дәрігері міндетті вакцина туралы пікір білдірді

Бүгін Денсаулық сақтау министрлігінің ресми парақшасында коронавирус инфкциясына байланысты бас мемлекеттік санитар Айжан Есмағамбетованың жаңа қаулысы жайлы брифинг өтті. Брифинг соңында жүргізуші Диас Ахметшәріп бас мемлекеттік санитарға тақырыптан тыс сұрақ қойып, жуырда Мәжіліс мақұлдауынан өтіп, Сенатқа жеткен «Халық денсаулығы туралы кодекстегі» жаңа өзгерістері туралы сұрап, елімізде міндетті вакцинаға қарсы петицияға 170 мыңнан астам қол жиналғанын айтты.

«Бұл петицияға шынымен 170 мың адам қол қойды ма, жоқ па деген сұрақ туындайды. Өйткені, журналист зерттеу жүргізіп, петицияға бір адам бірнеше рет қол қоя алатынын анықтаған. Жалпы, вакцинаға қатысты сіздің субьективті пікіріңізді білсек», - деді Диас Ахметшәріп.

Бас санитардың жеке пікірінше, кез келген жұқпалы ауруды тек вакцина ғана тыя алады.

«Жұқпалы ауруларға қарсы вакцинадан басқа ешбір тиімді әдіс әлі жасалған жоқ деп ойлаймын», - дейді Есмағамбетова.

Бас санитар вакцинаға қарсы шыққан қоғам «коронавирусқа қарсы вакцина қашан шығады» деген жаңалықты көп іздейтінін де жасырмады. Оның айтуынша, кез келген елде вакцина міндетті және эпидемиологиялық жағдайға байланысты болып екіге бөлінеді. Қазақстан да енді вакцинаны осылай екі топқа бөліп отыр.

«Айта кетейін, бұл жерде міндетті дегеніміз – медицина қызметкерлеріне қатысты айтылып отыр. Яғни, учаскелік дәрігер өзінің контингентіндегі адамдарға баласына жасалатын вакцинаны ұсынуға міндетті. Ал, ата-ана немесе оның қамқоршысы баланың денсаулығына байланысты, вакцина ала ма, жоқ па, өзі шешеді», - дейді Есмағамбетова.

Есмағамбетова өз немерелеріне вакцина егілгенін, және сіңлісінің сал болып туған баласына салынған вакцина кері әсерін тигізбегенін айтты.

«Менің екі балам бар, оларға вакцина Кеңес үкіметі кезінде егілді. Ол кезде тіпті вакцина салғызбаймын деген ой болмайтын. Бірақ, бірқатар жұқпалы ауру жаппай тарағанда, екі балам да сау қалды. Қазір екі немерем бар, біреуі – екі жаста, біреуі – бірде. Олар вакцинаның бәрін алды. Және мен оларға вакцинаны басқа бір елге апарып ектіріп жатқан жоқпын. Олар да вакцинаны басқа қазақстандық балалар сияқты елімізде алды.

Отбасымыздағы тағы бір баланың жағдайын ашық айта кетейін. Туыстарымның арасында сал ауруына шалдыққан (ДЦП) бала бар. Ол менің туған жиенім, кіші сіңілімнің ұлы. Сіңлімнің көптен армандаған жалғыз ұлы. Бала небәрі 1 келі 200 грамм салмақпен шала туған. Бір жасқа таяған кезде өз жасындағы басқа балалармен салыстырғанда, дамуы артта қалғанын түсініп, дәрігерге көрсеттік. Дәрігерлер балаға сал ауруы деген диагноз қойды. Шала туған балаға вакцина қойылмайтыны белгілі, сондықтан оған бір жасына дейін мүлде егілмеген. Бала сал ауруына шалдықса да, оған вакцина егілмейтіні белгілі. Бірақ, диагноз қойылған кезде сіңілім оны сауықтыру үшін емханаға, басқа да емдеу орталықтарына көп барды. Дәл сол кезде елімізде қызылша қатты тараған кез еді. Сіңлім менімен ақылдаса келе, өзі ауру балаға басқа инфекция жұқпасын деп, вакцина ала бастадық. Оған туберкулез, қызылша, қызамық сияқты ауруларға қарсы вакцина ектік. Балаға вакцина кері әсерін тигізген жоқ. Сондықтан, біз оны басқа аурулардан қорғадық», - дейді Айжан Есмағамбетова.

Мемлекеттік бас санитар дәрігер көкжөтел, қызылша, қызамық сияқты жұқпалы ауруларды ұмытып, олар қайта тарамайды деп ойласақ, қатты қателесетінімізді айтты.

«Ұжымдық иммунитет 90% төмендеп кетсе, ауыр инфекцияларға қайта тап боламыз. Олардың салдары көп, ең жаманы – өлім. Сондықтан, тегін вакцинаны алу керек. Әрине, баланы тексермей жатып, оған вакцина егуге болмайды. Сондықтан, міндетті түрде ата-ана дәрігерлермен ақылдасып, баланың денсаулығы жақсы екеніне көз жеткізген соң, вакцина туралы айтуға болады. Балаға не жақпайтынын, әрине, анасынан артық ешкім білмейді. Сондықтан, ана дәрігерге бар жағдайды хабарлау керек. Вакцинаны кейінге шегеруге болады. Балаға оны тек дені сау кезінде ғана егу керек», - дейді Есмағамбетова.

Кежекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары