Қазақ қоғамы «мадонна-жезөкше» комплексіне шалдыққан – Молдияр Ергебеков
Шымкент қаласы әкімдігінің Жастар ресурстық орталығының түсірді деген бейнероликке қатысты пікір
Шымкент қаласы Жастар ресурстық орталығының арнайы тапсырысымен түсірілді деген «жезөкшеге» қатысты (қысқа киінген қыздарды «жезөкшеге» теңейтін әлеуметтік ролик) видеоролик Қазнетте соңғы екі күннен бері қызу талқыланып жатыр. Қоғам белсенділерінің бір тобы әлеуметтік роликті «тәрбиелік мәні бар» десе, енді бір тарап бұл видео «сексистік көзқарас пен әйел құқықтарына қолсұғушылық әрекеттеріне толы» деп отыр.
Статистика деректеріне сүйенсек, мектеп жасындағы жүктілік көрсеткішінің жоғары деңгейі қазақы тәрбие ошағы – саналатын оңтүстік өңірі мен Маңғыстау облыстарында. Еліміздегі әрбір бесінші әйел тұрмыстық зорлыққа ұшыраса, жыл сайын зорлық әрекетіне шыдай алмаған 400 әйел суицид жасайды.
Azattyq Rýhy тілшісі қазақ қоғамы неліктен осындай «виктимблеймингке» (құрбандарды кінәлау) жол береді деген тақырыпта БҰҰ Әйелдер структурасы Еуропа және Орталық Азия офисі азаматтық қоғам ақылдастар кеңесі мүшесі, PhD, Сүлейман Демирел университеті қауымдастырылған профессоры Молдияр Ергебековпен және еліміздегі әйелдер құқын қорғап жүрген әнші Ақмаржан Күшербаевамен сұхбаттасқан еді.
БҰҰ-ҒА БЕРІЛГЕН УӘДЕ НЕМЕСЕ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ӘЙЕЛ ҚҰҚЫҚТАРЫ
Қазақ ерлері арасында әйелдер құқығы туралы ашық әңгіме айтып, тіпті, жуырда ғана «Әйелдерді ұрып тұруға болады» деген ЕҰУ ұстазының жауапқа тартылуын прокуратурадан талап еткен Молдияр Ергебеков біздегі құзырлы органдардың өзі гендерлік теңдікті тақырыбына немқұрайлы қарайтынын айтады.
«Қазақстан негізі, қарама-қайшылыққа толы мемлекет. Бұлай деуімнің себебі – мемлекетіміз 91-ші жылы тәуелсіздік алғалы бері әлем жұртшылығы алдында ел болып танылу үшін БҰҰ сияқты халықаралық ұйымдарға мүше болып, бұл ұйымдардың талаптарын орындай бастады. Қазақстан БҰҰ қатарына кірген соң ұйымның әлеуметтік, экономикалық, саяси, азаматтық талаптарын орындаймын деген сөз беріп, осыған байланысты келісімшарттарға қол қойған. Соның бірі – 1998 жылғы 29 маусымда БҰҰ-ның «Әйелдерді кемсітушіліктің барлық нысандарын жою» туралы конвенциясына қосылды. Бұл дегеніңіз, Қазақстан сол кезеңнен бастап әлем жұртшылығының алдында «Әйелдерге қандай да бір кемсітушілік жасамаймыз» деп сөз берді. Аталған конвенциядан кейін 1999, 2005, 2008, 2009 жылдары ҚР әйелдердің жағдайын жақсарту туралы ұлттық жоспар, гендерлік теңдік стратегиялары сияқты іс-шаралар қабылданды. Тіпті, Президент жанынан әйелдер ісі жөнінде Ұлттық комиссия құрылды. Алайда, мұның бәрі БҰҰ-ға формальды түрде көрсету үшін жасалған іс сияқты. Өйткені өмірде де, мемлекеттік ресми орындарда да әйелдерге деген кемсітушілік өршімесе, бүгін таусылайын деп отырған жоқ. 2019-2020 жылдары тырнақша ішіндегі «ғалымдар» шығып, «ер мен әйел тең емес, әйелдер ғалым бола алмайды, олар – маркер» деген сияқты пікірлерді айта бастады. Өркениетті елде мұндай сөз айтылса, прокуратура бірден тергеу амалдарын бастайды. Қазақстанда бұл амалдарды прокуратура естиді, ел заңына, бағанағы айтқан Конвенция шарттарына қарсы әрекеттер жасалып жатса да, ешқандай қылмыстық немесе әкімшілік іс қозғамайды. Олардың іс қозғауы үшін міндетті түрде азаматтық қоғам мүшелері жаңағы алауыздық тудырғандардың үстінен шағымдануы тиіс. Ал осындай әрекеттерге жол беріліп жатса, біздің мемлекеттік органдардың өзінде гендерлік теңдікке деген сезімталдық жоқ деген сөз. Сезімталдық болмаған жерде, немқұрайлылық пайда болады», - деді ол.
ГЕНДЕРЛІК ТЕҢДІКТІ БІЛМЕЙТІН ШЕНЕУНІКТЕР ТУРАЛЫ
Молдияр мырза мемлекет саясатын жүргізіп отырған Шымкент әкімдігінің әрекеті – ондағы шенеуніктердің сауаты төмен және адам құқықтарынан бейхабар екендіктерін білдіреді дейді.
«Қазақстанның ең үлкен жоғары оқу орындарының бірі болып саналатын Еуразия ұлттық университетінің профессоры әйелдерге тек қана «лаборантка» деп қарайтын болса, Қазақстанның үшінші қаласы саналатын Шымкент әкімдігінің әйелдерді киімдеріне қарап, жезөкше немесе жезөкше емес екендерін байқататын критерий қалыптастыруы қазіргі кезде қалыпты жағдай. Мемлекеттік органдарда жұмыс істейтін адамдардың адам құқықтары мәселесінде, демократия ұғымы тұрғысынан, құқықтық мемлекет дегеніміз не деген ұғым тұрғысынан кәдімгідей сауатсыз екенін көріп отырмыз. Құқықтық мемлекет дегеннің не екенін білетін шенеуніктер мұндай видеоролик түсіртпейді, гендерлік теңдікті білетін шенеуніктер мұндай видеоклип түсіруге рұқсат бермейді, адам құқығы не екенін білетін шенеуніктер мұндай видеоклипке ақша бөлмейді, демократия дегеннің не екенін білетін шенеуніктер бұл айтылып жатқан нәрселерінің сөз бостандығымен ешқандай байланысы жоқ екенін біледі. Демек, олай болатын болса, бұл сорақы видеороликтен біздің шенеуніктердің адам құқықтары, демократия, гендерлік теңдік ұғымдарының мағынасын білмейтінін ұғамыз. Егер жергілікті атқарушы ұйымдар осындай маңызды ұғымдардың мағынасын білмейтін болса, біз қалай салауатты қоғам бола аламыз?! Мені ең көп толғандыратыны осы. Кейде мұндай нәрселерді көргенде біз салауатты қоғамды ешқашан құра алмайтындай болып көрінеміз. Мемлекет Қазақстан халқына Конституция арқылы «Сендер бәрің теңсіңдер» деп сөз берді. Халықаралық ұйымдарға «Мен елімдегі азаматтарға тең деп қараймын және олардың тең дәрежеде болуы үшін бәрін жасаймын» деді. Олай болатын болса, бұл берген сөз ұсталуы тиіс. Осылайша қоғамға да үлгі болуы тиіс. Адамдар арасындағы, азаматтар арасындағы теңдік – мемлекеттің негізгі құндылықтарының бірі. Сен адамдарға тең деп қарамаған кезде, қылмыс жасап жатасың немесе заңбұзушылыққа жол беріп отырасың», - деп ағынан жарылды ол.
10 жыл Түркияда өмір сүрген университет ұстазы бауырлас елде мұндай ашық айыптаулар үшін бірден қылмыстық іс қозғалатынын айтты.
«Түркияда заңға қайшы әрекеттер орын алса, міндетті түрде тергеу амалдары басталады. Түркия өркениетті қоғамдағы ең нашар мемлекеттің бірі болып саналғанымен, бізбен салыстырғанда демократияға жақын. Қазақстан Президенті жанындағы «Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия» құрылған. Олар Президентке тікелей бағынады, ол жерге халық қыруар ақша төлеп отыр. Ол комитет неліктен әкімдіктерге телефон соғып, «Неге бұлай жасап жатыр» деп сұрамайды? Мұндай сексистік көзқарастарға қатысты қандай да бір сотталу немесе тергеу амалдары жасалмаса, бұл дәл осындай көзқарастағы басқа адамдарға шабыт береді. Сондықтан міндетті түрде мемлекет тарапынан да, азаматтық қоғам тарапынан да тойтарыс берілуі тиіс», - деді.
МАДОННА-ЖЕЗӨКШЕ КОМПЛЕКСІ
Қазақстандағы белсенді топ өкілдерінің қыз-келіншектердің етегінің қысқа-ұзындығын өлшеуі бала кезден қалған «эдип» комплексінің салдары болса керек. Күн тәртібіндегі басты мәселе – қыздардың киімі, жүріс-тұрысы деп санайтындар «махаббат пен секс сезімін ұштастыра алмайды».
«Зигмунд Фрейдтің «Мадонна-жезөкше комплексі» деген теориясы бар. Бұл теория бойынша, балалар 3-5 жас аралығында келгенде «эдип» комлексіне ұшырайды. Эдип комплексі – баланың өзінің қарсы жынысына мысалы, ер бала анасына, қыз бала әкесіне – ғашық болып, қызғану комплексі. Бұл комплекс бала кезінде дұрыс өтпейтін болса, өмір бойы жалғасын табады. Яғни, мұндай комплексі бар ер адам әйел адамға тек екі тұрғыда қарай бастайды: қасиетті, қадірлі ана немесе жезөкше. Бұл психологиялық патология. Бұл жағдайдағы еркектер көбінесе әйел адамның сексуал ерекшелігі жайында бір-біріне қарама-қайшы сезімдерге ие болады. Мұндай қарама-қайшы сезімдер ер адамдарды «сүю» және «секспен айналысу» арасында қалуға итермелейді. Бұл жағдайдың артында кейде «мадонна-жезөкше комплексі» жатады. Яғни, мұндай еркектер үшін махаббат пен секс бір-бірінен бөлек нәрселер. Бұл көзқарастағылар «жақсы – пәк» әйелдер сүю үшін, «жаман – секси» әйелдер жату үшін жаратылған екеніне сенеді. Кейбір еркектер бүкіл өмірін осынау айырмашылық арқылы қалыптастырады. Сондықтан да олар махаббат пен сексті ұштастыра алмайды. Басқаша айтар болсақ, бір әйел үшін осынау екі күшті сезімді ортақ сезіне алмайды. «Пәктік» пен «ұрғашылық» арасында дүбәрә (дихотомия) жағдайда қалады», - дейді.
Молдияр мырза «мадонна-жезөкше» комплексі жалпы қазақстандық қоғамда барын айтады.
«Бұл тұрғыдан қарар болсақ, осынау «мадонна-жезөкше» комплексінен қоғам болып асып өте алмаған сияқтымыз. Медиада болсын, өнер туындыларымызда болсын, әйелдер қасиетті әйел кейпінде, яғни қандай да бір сексуал ерекшеліктері жоқ, қандай да бір сексуал тартымдылықты еске түсірмейтін періште бейнесі ретінде, не болмаса, сексуалдығынан басқа еш нәрсесі жоқ жезөкше әйел бейнесі арқылы көрсетілуде. Бұл фильмдер, роликтер немесе видеоклиптердің режиссерлері, сценаристері – ер адамдар. Олардың «Әйел үстін жауып оранып алса жезөкше болмайды, ал ашық киінсе жезөкше болады» деген сенімдерінің түбінде осынау «мадонна-жезөкше комплексі» жатқан сияқты», - деп санайтынын айтты.
ҚЫЗДАРДЫҢ ЖЕЗӨКШЕ БОЛУЫНА ДА ӘКІМДІК ЖАУАПТЫ
«Қыздардың киіміне қарап кім екенін анықтауға болады» деген месседжді жеткізбек болған әкімдік олардың арасындағы жезөкшелердің шығуына да тікелей жауапты деп санайды ол.
«Ешбір адам тәнін бекерден-бекер сатпайды Егер бір адам тәнін сататын болса немесе қайыр тілейтін болса, оған да жауапты – әкімдік. Демек әкімдік өз халқына еңбек орындарын ашып бере алмай отыр деген сөз. Сондықтан да әкімдіктің жезөкшені сынауға қақысы жоқ. Әрбір әкімдікте гендерлік теңдікке байланысты жауапты мамандар бар. Бұл оқиғаның орын алуына сол қызметкерлер жауапты.
Мевләна Джалаладдин Руми деген ислам ойшылының «Көптеген адам көрдім - үстінде киімі жоқ. Көптеген киім көрдім - ішінде адамы жоқ» деген сөзі бар. Сондықтан біз адамды киіміне қарай отырып бағалай алмаймыз. Маңыздысы киім емес, өйткені кісі үстінде киім болғанымен, ішінде адам болмауы мүмкін. Адам баласы өзіне жарасқанын кисін. Араласуға хақымыз жоқ. Оның орнына рухымызды, жан-дүниемізді тазартайық», - деді ол.
ЕЛІМІЗДЕ ӘРБІР БЕСІНШІ ӘЙЕЛ – ЗОРЛЫҚ ҚҰРБАНЫ
Өнер адамдары арасында әйел теңдігі мәселесін көтеріп жүрген әнші Ақмаржан Күшербаеваны мұндай әлеуметтік видеоның тарауы еш таңқаллдырмаған. Елімізде әрбір бесінші әйел зорлыққа ұшырайды деген әнші ерлерге де осындай видеороликтер арналуы тиіс деп санайды.
«Мұндай видеоның шығуы еш таңқалдырмайды. Автордың негізгі идеясын еш түсіне алмадым. Мақсаттары – зорлық-зомбылыққа әйелдің өзі кінәлі дегенді жеткізу ме, әлде қыздардың ар-абыройын ойлап отыр ма, түсініксіз. Неліктен бізде жігіттерді тәрбиелейтін осындай роликтер жоқ, қызыңды сыйла, әйеліңе қол көтерме, қыздарды киіміне қарап бағалама дегенді жеткізетін роликтерді неге шығармасқа?! Аталған роликті дұрыс деп айтып жатқан қыз-келіншектердің пікірлерін оқып шықты. Бір шетінен, олардың көзқарасын да түсінемін, себебі, олар жабық киініп жүрсек, бізге ешкім тиіспейді деген ойға сенеді. Мен полиция мамандарынан: «Сіздер зорланған қыздарға барғанда, олар қандай киімде болды» деп сұраған едім. Бірақ олар «Жоқ, бірде-бір рет зорлық оқиғасы болған жерге барғанымызда құрбандардың ашық киінгенін көрген емеспіз» дегенді айтты. Кішкентай балаларды педофилдер зорлаған кезде, олардың киіміне қарамайды. Тұрмыстағы күнделікті зорлық әрекеттері де киімге қарап тұрған жоқ», - дейді ол.
Күн сайын 30-40 әйелмен кездесемін деген Ақмаржан солардың ешқайсысы ашық киініп жүрмегенін алға тартты.
«Дәл қазір астана көшелерінде кетіп бара жатырмын. Бірақ көшеден ашық-шашық киінген қыз-келіншектерді көріп тұрғаным жоқ. Бәрі джинсы, футболка немесе ұзын көйлек, белдемшелермен жүр. Бірақ статистика деректері Қазақстандағы әрбір бесінші әйелдің зорлыққа ұшырайтынын көрсетіп отыр. Ер адамдардың әйелдер жабық киінсе, біздің қоғамдағы проблемалар шешіледі деп ойлайтындарына таңқаламын. Екіқабат болып қалған қыздарды тастап кететін жігіттер, сол қыздар қысқа кимесе оларды тастамай ма ма?! Күйеуімен ажырасқан келіншектер ұзын көйлек кисе, олар алимент төлеп кете ме?! Біздің қоғам бар кінәні әйелдерден іздеп үйреніп алған. Қыз екіқабат болса, өзі кінәлі дейді. Неге сол процеске қатысқан жігіттен де сұрау болмайды?!», - дейді Ақмаржан.
РОЛИК АВТОРЫ ӨТІРІК АЙТТЫ МА?
Azattyq Rýhy тілшісі видеоролик авторы «Talas» фильм студиясының режиссері Серік Таласқа 2 маусым күні хабарласып, аталған әлеуметтік роликке тапсырысты кімдер берді, сценарий авторы кім және көпшілікті ашуландырған бұл туындыға қанша қаражат кеткенін сұраған еді. Үш қыз тәрбиелеп отырған режиссер мұндай әлеуметтік роликтерді қоғамдағы қыздарға ой салу мақсатында кәсіпкерлер қаражатына түсіріп жүргенін айтты.
«Бұл қысқа туынды ешкімнің тапсырысы емес. Жалпы қысқа киінетін қазақ қыздарына ой салу мақсатында түсірілген. Сценарий авторы да өзім», - деді ол.
Артынша Factcheck порталы аталған роликтің әкімдіктің тапсырысы аясында түсірілгенін жазды.
Айжан Бақдаулетқызы, Нұр-Сұлтан