14.05.2026, 15:27
Қоғам

«Жұмыстан кеткіңіз келсе – кетіңіз»: Аймағамбетов «жұмыстан шыға алмай жүрген» қазақстандықтарға қуанышты жаңалық айтты

Бүгін Сенат тиісті заңды мақұлдады

«Жұмыстан кеткіңіз келсе – кетіңіз»: Аймағамбетов «жұмыстан шыға алмай жүрген» қазақстандықтарға қуанышты жаңалық айтты
Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетов бүгін Сенат заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдағанын айтып, Мәжіліс депутаттары дайындаған заң қазақстандықтардың өміріне қалай әсер ететінін айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Айта кетейік, Асхат Аймағамбетов Мәжілісте бұл заңның негізгі басымдықтары туралы көп айтып, көп жазған. Әсіресе ол жұмыс берушілер азаматтарды скринингтен өту үшін үш күн ақылы демалысқа жіберуге міндетті екенін, қандай да бір мекеме адамды «бір күн жұмысқа келмеді» деген сылтаумен жұмыстан босатпау керек екенін жиі айтатын.

Енді бүгін ол «заңның авторы ретінде барлығын рет-ретімен, қарапайым тілмен түсіндіріп берейін», деп заңдағы негізгі мәселелерді расымен де ұғынықты контексте жазған. Депутаттың түсіндірмесін сол қалпында жариялап отырмыз:

1. Скрининг – жұмыс берушінің есебінен.

Көбі жалақыдан қағылмау үшін арнайы скринингке баруға қорқады. Жұмыс беруші сізді орташа жалақыңызды сақтай отырып, 3 күнге дейін скринингке жіберуге міндетті.

Енді eGov немесе SMS арқылы «тексерілетін уақыт келді» деп хабарлама келеді. Ал кадр қызметі қызметкерді скринингке жіберуі тиіс. «Білмедім» немесе «жібермеді» деген сылтау енді жүрмейді. Болмаса – жауапкершілік. Біз мәселе көтерсек, оны заңдағы нақты нормалар арқылы шешеміз.

2. Ауысым алдындағы тексеру – бұл да жұмыс.

Жүргізушілер мен зауыт жұмысшылары тексеруден өту үшін сағаттап кезекте тұратын. Бұрын бұл уақыт төленбейтін. Біз нені өзгерттік? Егер ауысым алдындағы тексеру міндетті болса – демек, ол жұмыс уақыты. Ол есепке алынып, төленуі тиіс. Бұл норма кәсіпорындарды процесті автоматтандыруға стимул болады, әйтпесе кезекте тұрған әр сағат үшін ақы төлеуге тура келеді.

3. Жұмысқа қабылдаудағы жазбаша бас тарту.

Жүкті әйелдерге немесе кішкентай баласы бар аналарға көбіне үнсіз бас тартатын. Енді сіз себебін жазбаша түрде талап етуге құқылысыз. Бұл қағазбен еңбек инспекциясына немесе сотқа сенімді түрде баруға болады.

4. Әділ жаза.

Кішкене қателік үшін адамды бірден жұмыстан шығаруға болмайды. Заң жұмыс берушіні жаза қолданарда теріс қылықтың ауырлығын, мән-жайды және қызметкердің өкінетінін ескеруге міндеттейді. Жаза жасалған іске сай болуы керек.

5. Еңбек жағдайлары тек жазбаша өзгереді.

Жалақы, график, жұмыс орны – кез келген өзгеріс тек жазбаша немесе ЭЦП арқылы және 15 жұмыс күнінен кешіктірілмей хабарлануы тиіс. Ауызша «ертеңнен бастап басқаша істейсің» дегеннің заңды күші жоқ.

6. «Больничныйдағы» тұзақтарға жол жоқ.

Егер сіз ауырып жүргенде еңбек шартының мерзімі аяқталса, сізді жұмыстан шығара алмайды. Шарт аурухана парағы аяқталғанша ұзартылады.

7. Жұмыстан шығу еркіндігі.

Жұмыстан кеткіңіз келсе – кетіңіз. Жұмыс беруші материалдық жауапты тұлғаларды «іс қабылдап алу» деген сылтаумен шексіз ұстап отыруға құқығы жоқ енді. Бір айдың ішінде іс өткізуді ұйымдастырып, содан кейін құжаттары мен толық есебін беруге міндетті.

8. Техникалық инспекторлардың шынайы құқықтары.

Енді техник-инспекторлар жай ғана «қағаз жүзіндегі» адамдар емес. Олардың құқықтары заңда бекітілді: олар өндіріс орындарына бара алады, құжаттарды тексереді және жазатайым оқиғаларды тергеуге қатысады.

9. Әкімдіктер еңбек тыныштығына жауапты.

Өңірлік билік еңбек дауларының алдын алуға және комиссиялардың жұмысына заңмен міндеттелді.

10. Денсаулыққа байланысты шығынсыз ауысу.

Егер жарақаттан немесе аурудан кейін сізді жеңіл жұмысқа ауыстырса, оның жағдайлары ұжымдық шартта көрсетілгеннен төмен болмауы тиіс.

11. Ар-намыс пен абырой заң қорғауында.

Біз алғаш рет Еңбек кодексінде қызметкердің ар-намысын, қадір-қасиетін құрметтеу және жеке өміріне қол сұғылмау құқығын бекіттік. Басшылық тарапынан дөрекілік, буллинг немесе жеке істерге араласу – енді заңды тікелей бұзу болып саналады.

«Бұл заң қарапайым адамды қорғауға арналған. Біз құрал бердік, енді әрқайсымыз өз құқығымызды білуіміз маңызды», - деп жазған сөз соңында ол.