Шымкентте оқушылар әзірлеген ерекше көзілдірікке әлемдік компаниялар қызығып отыр (ВИДЕО)

Ерекше көзілдірік адамның айтқан сөзін бірден мәтінге айналдырады

Шымкентте мектеп оқушылары бұрын-соңды болмаған «ақылды» технологиялар жасап шығарды. Бұл техникалар АҚШ-та жоғары бағаға ие болды. Оқушылар есту қабілеті бұзылған адамдарға арналған арнайы көзілдірік пен көзі нашар көретін балаларға арналған робототехника кітабын әзірледі. Ақылды көзілдірікті жасауға оқушылар екі жыл уақыт жұмсаған көрінеді. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Otyrar.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Көзілдірікке орнатылған микрофон сөйлеген айтылған сөзді қабылдап, арнайы жүйе арқылы ол мәтінге айналдырылады. Ал мәтін ары қарай көз алдындағы линзада бірден пайда болады. Соның арқасында есту қабілеті бұзылған адамдар қасында әңгімелесіп отырған адамның сөзін сол уақытта оқи алады.

«Біздің мектепте заманауи құрал-жабдықтар көп. Көзілдіріктің қаңқасын 3D-принтер арқылы шығардық, бағдарламалауды шағын компьютер арқылы жасадық. Кейбір бөлшектерді Қазақстанның өзге қалаларынан және Қытайдан алдырдық», – деді Nazarbayev Intellectual School оқушысы Ырысбек Ұлықбеков.

Оқушылардың тағы бір жобасы – көру қабілеті нашар жандарға арналған робототехника кітабы. Оның көмегімен балалар робот жасаудың негізін меңгере алады. Кітаппен бірге құрылғыларды құрастыруға арналған қарапайым бөлшектер жиынтығы беріледі.

«Бұл идея зағип жандарға арналған кітапханаға барғаннан кейін ойымызға келді. Ол жерде роботтар мен трансформерлерге қызығатын балалар көп екенін көрдім. Сол кезде оларға неліктен робототехниканың үйретпеске деген ой келді», – деді Ерсұлтан Арын.

Шымкенттік оқушылардың жобалары халықаралық деңгейде мойындалды. АҚШ-тың Хьюстон қаласында өткен робототехникадан әлем чемпионатында олар бірінші орын иеленді. Қазір бұл жобаларға шетелдік компаниялар қызығушылық танытып, технологияларды одан әрі дамытуға қолдау көрсетуге дайын екенін білдіріп отыр.

Оқушылардың айтуынша, балаларға робототехниканы ерте жастан үйрету маңызды. Сондықтан олар бүлдіршіндерге арналған арнайы оқу материалдарын да әзірлеген.