Түргенде оқушылар көлік жүргізіп, 12 жастағы баланы қағып кеткен: олар оны қорқытып, ешкімге айтпауды талап еткен
Жасөспірімдер оқушыны мұғаліміне тапсырып, мопед қағып кетті деген
Алматы облысына қарасты Түрген ауылында көлік жүргізген жасөспірім 12 жастағы баланы қағып кетті. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі «Астана» телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Көлік ішінде 11-сыныпта оқитын бес оқушы болған. Оқыс оқиғадан кейін оқушылардың бірі көлікті жасыру үшін басқа жерге айдап кеткен. Ал қалған төрт оқушы зардап шеккен баланы шамамен жарты сағаттай ұстап, қорқытып, болған жайт туралы ешкімге айтпауды талап еткен. Кейін олар баланы оқушының мұғаліміне апарып, оны мопед қағып кеткенін айтқан.
Полиция кінәлі азаматты жедел анықтады.
«12 жастағы баланы көлік қағып кеткені туралы хабарлама полицияға түскеннен кейін тәртіп сақшылары оқиғаға қатысы бар жүргізушіні анықтап, ұстау бойынша шұғыл шаралар қабылдады. Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады құқық қорғау органдары.
Алматы облыстық полиция департаментінің мәліметінше, зардап шеккен бала ауруханадан шыққаннан кейін және медициналық қорытынды алынған соң іс бойынша түпкілікті шешім қабылданады.