«Әке, сіз салып берген сара жолмен жүріп келеміз»: Амангелді Сейітханның ұлы матч жүргізіп, елдің жүрегін елжіретті (ВИДЕО)

Жас комментатор «Ордабасы» мен «Жетісу» командалары арасындағы матчты жүргізді

«Әке, сіз салып берген сара жолмен жүріп келеміз»: Амангелді Сейітханның ұлы матч жүргізіп, елдің жүрегін елжіретті (ВИДЕО)
Фото: Видеодан скрин

Марқұм спорт комментаторы Амангелді Сейітханның ұлы Бекасыл Сейітхан футбол матчын жүргізіп, әкесі жайлы сыр шертті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мач барысында шымкенттік команданың жанкүйерлері марқұм комментаторға құрмет көрсетіп, әйгілі «Жеңісті күндерде жолыққанша!» сөзі мен алып суретін жайды. Осы сәтті пайдаланып, Бекасыл Сейітхан әкесі жайлы сөз қозғады.

«Ал бұл – Амангелді Сейітхан. Спорт комментаторы, қазақ тілінің жанашыры, қазақ спортшыларының қайрағына айналған бұл кісі тек менің әкем емес, күллі қазақтың баласы десем қателеспеймін. Әке, сіздің үніңіз – біздің құлағымызда. Сіз салып берген сара жолмен жүріп келеміз. Қазақ тілі үшін, қазақ спорты үшін барлығын жасағаныңызға көптен-көп рақмет. Міне біздің эфир жүргізіп отырғанымыз сіздің арқаңыз деп білемін», – дейді Бекасыл Сейітхан.

«Ордабасы» жанкүйерлері әйгілі комментатордың суретін ойынның 69-минутында жайды.

«69-минут. 1969 жылы 11 мамыр күні әкем дүниеге келген. Жанкүйерлерге, «Ордабасының» басшылығына осы эфирді пайдаланып, алғысымды айтамын», – дейді жас комментатор.

Айта кетейік, Амангелді Муатқанұлы 1969 жылы 11 мамыр күні ШҚО Мақаншы ауданында дүниеге келген.

  • 1991-1994 жылдары «Спорт» газетінде істеп, 1994 жылы «Қазақстан» телерадиокорпорациясында «Тұғыр» атты бағдарлама ашып, жүргізушісі болды.
  • Осы орайда ол арнадағы спорт бөліміндегі бас редактордың орынбасары қызметін де қатар атқарды.
  • Осындан соң «Құмсағат» бағдарламасының спорттық ақпараттар бойынша продюсері атанды.
  • Ал 1997 жылы «Хабар» арнасына ауысып, осы күнге дейін аталған агенттікте жұмыс істеп келді. Футболдан 1998 жылы Франциядағы Әлем чемпионатында қазақ тілінде комментатор болды.
  • Одан кейін 1999 жылы Бангкоктегі Азия ойындарын, 2000 жылы Сиднейдегі Олимпия ойындарын, 2002 жылғы Солт-Лейк-Ситидегі ақ Олимпиаданы «Хабар» арнасының эфирінде қазақша сөйлетті.
  • Амангелді Сейітхан 2000 жылы еліміздегі спорт журналистеріне берілетін Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты.

Спорт шарасын «Жеңісті күндерде жолыққанша!» деп аяқтайтынымен көрермендер ықыласына бөленген еді.