Медициналық алғашқы көмектің 550-ден астам маманы біліктілігін арттырып жатыр
Қосымша білім беру бағдарламасы сәуір айында басталған

Денсаулық сақтау министрлігі 2025 жылды медициналық-санитариялық алғашқы көмек мамандарының біліктілігін арттыру жылы деп жариялаған болатын. Соның аясында МСАК-тың 550-ден астам маманы оқуды бастап кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
2025 жылғы 1 сәуірден қосымша білім берудің ауқымды бағдарламасы жүзеге асырыла бастады.
«Бағдарлама аясында үш жылға дейінгі жұмыс тәжірибесі бар жас мамандар, сондай-ақ медициналық жоғары оқу орындары мен колледждердің оқытушылары оқытудан өтеді. Даярлау өңірлендіру қағидаты бойынша еліміздің жоғары және орта медициналық мекемелерінің базасында ұйымдастырылған. Жалпы практика дәрігерлері үшін – 12, орта медициналық персонал үшін 6 мамандандырылған білім бағдарламасы әзірленді», - деп мәлімдеді Денсаулық сақтау министрлігі.
Ведомство ақпаратынша, бағдарлама аясында МСАК жүйесінің жұмыс істейтін қызметкерлері – 2135 жалпы практика дәрігері, 3051 орта медицина қызметкері, медициналық ЖОО-лардың профессорлық-оқытушылық құрамының 781 өкілі мен 828 медициналық колледж оқытушысы оқиды.
Қазір Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қарағанды, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Алматы, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Абай, Ұлытау облыстары мен Шымкент қаласында орналасқан МСАК ұйымдарының 136 дәрігері, орта медицина персоналының 419 өкілі, сондай-ақ медициналық колледждердің 38 оқытушысы бейінді қайта даярлауды бастап кеткен.
Біліктілікті арттыру жылы аясында 2025 жылы:
- 908 жалпы практика дәрігерін,
- 1327 орта медициналық буын өкілін жалпы білім берумен қамту жоспарланып отыр.
«Бұл бастаманы іске асыру медициналық-санитариялық алғашқы көмек мамандарының кәсіби деңгейін едәуір арттыруға мүмкіндік береді және медициналық қызметтердің сапасын жақсартуға және бүкіл денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруға маңызды қадам болады», - деп атап өтті министрлік.