Емделу құны қымбаттайды: Аймағамбетов медицинаға салынатын салыққа қарсы
Медицинаға ауыр салмақ түседі деп санайды депутат

Мәжіліс депутаты, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетов медицина саласына салық жүктемесін көбейту жағдайды ушықтырып жіберетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутаттың айтуынша, салық реформасы аясында медицинаға ауыр салмақ түскелі отыр. Себебі басқа салалар бойынша 4% туралы сөз болса, медицина саласына бірден 20% салынбақ: қосылған құн салығы 10% және корпоративтік табыс салығы 10%.
«Үкіметтегі әріптестеріміз әлеуметтік аурулар бойынша дәрі-дәрмек қосылған құн салығынан босатылады деп мақтанышпен айтып отыр. Шын мәнінде, бұл жартылай ғана қабылданған шешім. Бұл проблеманы шешпейді, керісінше қалған аурулар бойынша мәселені ушықтыра түседі. Емдеу қызметтері бойынша да жағдай осындай. Біздің әріптестеріміз ешқандай ымыраға бармай отыр. Әзірге 10 пайыз болып қалды. Алайда мен бұған жол беруге болмайды деп санаймын. Халық медициналық қызметтерді толығымен МӘМС немесе ТМККК арқылы алады деген уәжі ешқандай сын көтермейді. Статистиканың өзі азаматтардың 40 пайызы медицинаға өз қалтасынан ақша жұмсайтынын көрсетіп отыр. Бұл қалта шығындары. Яғни енді медициналық қызметтер қымбаттай түседі», - деп алаңдады Аймағамбетов.
Айта кетері, Мәжіліс депутаттары осы аптада жаңа Салық кодексінің жобасын екінші рет талқылап жатыр.