Ақысы төленген, бірақ заттың өзі жоқ – Қазақстанға тауар жіберетін маркетплейстер тұтынушының құқығын неге елемейді
Депутаттар тұтынушы құқығын қорғайтын заң жобасын дайындамақ

Қазақстанда онлайн сауда саласы әзірге заңмен реттелмеген. Мұны алаяқтар өз мүддесіне пайдаланып, қарапайым тұтынушыларды ақшасы мен тауарынан айырып отырған жағдайлар жиі кездеседі. Таяуда журналист Гүлбану Әбенова шетелдік маркетплейстен алған тауарының қолды болғанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ол үшін жеткізуші компания ешқандай жауапкершілік алмаған. Тұтынушының құқығын қорғамақ түгілі, қоңырауларына жауап бермей қойған. Оның шетелдік сауда-саттық платформасынан алған заттарын тауар тарату пунктінен бөгде біреулер алып кеткен. Журналист затын өзі алмағанын айтқан кезде, шетелдік платформаның әкімшілері жоқ тауарға дәлел сұраған.
«Temu арқылы ұсақ-түйектерге тапсырыс бердім. Үйдің жанындағы зат алу пунктінің мекен-жайын белігіледім. Бірақ зат тарату пункттерінің мекен-жайына қарай жеткізуші компаниялардың да өзгеріп отыратынын байқамаппын. Оның орнына поштаны белгілей салғанымда заттарым жоғалып кетпейтін еді. Бұрын Қазпоштамен заттарым аман-есен келіп жүрді ғой, ешқандай мәселе болған емес. Оларда тұтынушыны қолдау бар, жоғалған затты іздейді, қоңырауға жауап береді. Ал мұнда Kimigo деген логистикалық компания екен. Хабарлассам «бәрін анықтаймыз, қайта хабарласамыз» деп уәде береді де, жоқ болып кетеді. Қоңырау шалсаң алмайды, күттіріп қояды, тіпті қоңырау ақылы болуы да мүмкін. Ең қызығы, менің заттарым тауар тарату пунктіне жеткізілген, оны тұтынушы алып кеткен екен, яғни өзім алып кетіппін. Ал мен алған жоқпын ғой, оны қалай дәлелдеймін?», - деп жазды журналист.
Гүлбану Әбеноваға Temu әкімшісі тауардың ұрланып кеткені туралы дәлел сұрап, видеожазба немесе фото жіберуді сұраған. Сондай-ақ жеткізуші компанияның тауарды әкелмегені туралы мойындау өтінішін сұраған.
«Әрине, тек треккодты атап, жеке куәліксіз сәлемдемені ала алатынымыз тамаш. Бірақ біз сәлемдеме жеткізу саласында жұмысын адал атқармайтындардың барын ескере бермейміз. Менің жағдайымда, біреу тауарды алып кетті деп белгілеп тұр ғой. Әйтпесе маған «тауарды алып кеттіңіз» деп қалай айтады», - деді ол.
Осыған байланысты Мәжіліс депутаты, Amanat партиясы фракциясының мүшесі Мұрат Әбенов журналистке ішкі кірістер қызметіне және тұтынушыларды қорғау комитетіне хабарласуға кеңес берді. Сондай-ақ алдағы уақытта тұтынушылар құқығын қорғайтын Парламентке ұсынылатын заң жобасының дайындалып жатқанын айтты.
«Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы жаңа заңда біз маркетплейстердің жұмысын реттеуге тырысамыз. Интернеттегі сауда-саттыққа әдеттегі сауда-саттықпен бірдей талаптар қойылады. Сатушы өзі туралы, компаниясы, өнімі және берілетін кепілдіктер туралы барлық ақпаратты орналастыруға міндетті. Ол 14 күн ішінде сатып алушының талабы бойынша тауарды қайтарып алуға міндетті. Егер бұл сертификатталған зат болса, сатушы сатып алушыға электронды сертификатты ұсынуы керек.
Алдағы уақытта үлгілік келісім-шарт қолданылады, онда ол қай уақыттан бастап күшіне енеді және мәміле қай уақытта аяқталатыны көрсетіледі. Біз мына бір шараны ойлап таптық. Маркетплейс шотына төлем алдын-ала қарастырылады. Бұл келісімшарттың басталуы болып саналады. Сатып алушы тауарды әлі алған жоқ. Тауар жеткізілген соң, тұтынушы оның сапасына көз жеткізіп, қабылдап алғаннан кейін шарт аяқталады», - деді ол.
Депутат маркетплейстерге қандай талаптар қойылатынын айтты.
«Біз маркетплейстерден келісім-шартты сақтауды, тұтынушы тауарды қабылдағанын хабарлағанға дейін сатушыға ақша аудармауды талап етеміз. Біз олардан сатып алушылармен байланысуды (соның ішінде шағымдар бойынша) және қызметіне адалдық көрсетпегенді қадағалап, олардың есебін жүргізуді және оларды саудаға жібермеуді талап етеміз. Егер сатып алушы сотқа жүгінгісі келсе, онда маркетплейс сатушының барлық мәліметтерін ұсынуы керек. Енді анонимділік деген болмайды», - деп кесіп айтты депутат.
Бұған дейін Сауда және интеграция министрлігі шетелдік маркетплейстерді Қазақстанда тіркелуге міндеттейтін платформа енгізуді ұсынған еді. Ведомство басшысы Арман Шаққалиев азаматтардан шағым көбейгендіктен осындай шараға амалсыз барып отырғанын айтты. Бұдан басқа, олар үшін тауарлардың қауіпсіздігі, контрафактіге қарсы күрес, тұтынушылардың құқықтарын қорғау, жеке деректерді сақтау және қорғау, салықтық және кедендік ашықтық жөніндегі талаптарды сақтау мақсатында міндетті шарттарды енгізу де жоспарлануда.
Айта кетсек, 2020 жылдан бастап еліміздегі электрондық сауда көлемі бес есеге ұлғайған. 2024 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша қазақстандықтар онлайн-сатып алуға 3,2 трлн теңге жұмсаған. Сондай-ақ министрлік 2029 жылға қарай электрондық сауда көрсеткішін үш есеге ұлғайту және оны 9,3 трлн теңгеге дейін жеткізуді жоспарлап отырғанын жеткізген.