«Аға, мынаны Сізге бере салсам бола ма?»: Мақпал Жүнісова Ақордада Тоқаевқа ерекше сыйлығын табыстады (ВИДЕО)
Бұл сәтті журналист Ақдариға Мұхаддас түсіріп алған
Бүгін жазғанымыздай, президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада бір топ өнер майталмандарына мемлекеттік атақ пен наградалар табыстаған. Соның ішінде, Халық әртісі Мақпал Жүнісова екінші дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталған еді . анықталғандай, әнші Ақордаға құр қол келмей, президентке сыйлық ала келген, деп жазады Azattyq Rýhy.
«Ақорда» бағдарламасының жүргізушісі, журналист Ақдариға Мұхаддас осы сәттің видеосын түсіріп, әсерлі видео жүктеген.
Видеодан байқағанымыздай, Мақпал Жүнісова іс-шараның ресми бөлімінен кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа қарай жақындап, қолында ұстап тұрған сыйлығын берген.
«Аға, мынаны Сізге бере салсам бола ма?» деген әншіге президент жылы шырай танытып, алғыс айтқан.
«Әрине, әрине, болады!» деген Тоқаев Мақпал Жүнісованың сыйлығын қабыл алып, оған шығармашылығы үшін рақмет айтқан.
Журналистің жазуынша, Мақпал Жүнісова президентке үнтаспасын сыйға тартқан.
«Апайдың айтуынша, бұл - Ақордаға алғаш келуі. Әрі араға ширек ғасыр салып, мемлекет тарапынан алған алғашқы марапаты екен. Сондықтан, көңілде толқыныс барын жасырмады. Әндері жазылған үнтаспасын да ала келіпті. Салтанатты рәсім аяқталған соң Президентке арнайы ұсынып, өткен күндердің естелігіндей ықыласын білдірді», - деп жазған Ақдариға Мұхаддас.
Бұл видеоны аудитория жылы қабылдап, Мақпал Жүнісова мен президенттің қарапайымдылығына тәнті болған.